Мұғалімнің мүмкіндіктері

Мектеп мұғалімдеріне пән сабақтарының электрондық журналды жүргізу, оқушылардың үлгерімін бақылау және бағалау, есептер мен оқу материалдарын автоматтандыру процесстері қолжетімді.

Толығырақ

Ата-ананың мүмкіндіктері

Ата-аналар балаларының үлгерімін онлайн қадағалап, пәндер бойынша оқу-тапсырма материалдарымен танысып, мектеппен және мұғалімдермен онлайн түрде байланыста бола алады.

Толығырақ

Мектеп басшылығының мүмкіндіктері

Мектептегі оқу-тәрбие үдерістерін басқару, тағайындау, сыныптарда білім сапасының орындалуын бақылау, мониторинг жүргізу және статистикалық есептерді алу мүмкіндіктері қолжетімді.

Толығырақ

Техникалық қолдау қызметі

Біз сіздің сұрақтарыңыз бен өтініштеріңізге жауап беруге әрқашан дайынбыз. Сұрауларыңызды біздің анықтамалық сайт арқылы жібере аласыз.

Support.edus

OK.EDUS

оқушыға арналған портал

Қымбатты оқушы! Егер сен оқитын мектеп осы EDUS Mektep білім беру платформасына қосылған болса, онда сенде оқу материалдарын онлайн игеруге тамаша мүмкіндік бар.

Мұнда сенің оқу күнделігің, сабақтар кестесі, пәндер мен үй тапсырмалары, өз бетінше оқу ресурстары, сыныптастарың мен мұғалімдерің қамтылған. OK.EDUS-ке қош келдің!

OK.EDUS порталына өту

Мұғалімдер үшін мобильді қосымша

Ата-аналар үшін мобильді қосымша

Оқушылар үшін мобильді қосымша

Мектепке арналған EDUS білім платформасы - электрондық жүйе

Мектептегі оқу-білім процестерін автоматтандыруға көмектеседі, мұғалімдердің, оқушы және ата-ана жұмысын электронды цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік береді

Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі

10.09.2013 | 42

«Сапалы білім беру мен тәрбие беру- Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы»

Сапалы білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ету үшін, қазіргі таңда мемлекет білім саласына қолдан келген мүмкіндіктің барлығын жасап келеді. Бұл солай болуы да тиіс. Себебі ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат - ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі ша

«Сапалы білім беру мен тәрбие беру- Қазақстанның

 мемлекеттік саясатының басымдығы»

 

Құрметті Алик Серікұлы!  Қадірлі әріптестер!

 

           Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар қауымымен  алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын, негізгі мәселелер жөнінде ой түйіндеуге, пікір алысуға мүмкіндік беретін, білім сапасын жаңа серпіліспен бастауға бағыт беретін  дәстүрлі тамыз кеңесіне қош келдіңіздер!

           Сапалы білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ету үшін, қазіргі таңда мемлекет білім саласына қолдан келген мүмкіндіктің барлығын жасап келеді. Бұл солай болуы да тиіс. Себебі ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат - ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара екені белгілі. 

Білім беру саласын қаржыландыру елімізде жылдан жылға артып келді. Біздің облысымызда да  білім беру саласына бөлінетін қаражат жыл сайын өсуде. 2013 жылғы білім саласының бюджеті  өткен 2012 жылмен жылмен салыстырғанда 4,8 млрд. теңгеге ұлғайып, 40 млрд теңгені құрады. Осының арқасында біз өскелең ұрпақтың қазіргі заман талабына сай сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік алдық.

 

І. Материалдық-техникалық базаны нығайту

 

Мектептер құрылысы:

2013-2014 оқу жылының 1-қыркүйегінде 7 мектеп құрылысы аяқталып, іске қосылады:

  • Бейнеу ауданы Атамекен шағынауданында 624 орындық орта мектеп;
  • Жаңаөзен қаласы Бостандық шағынауданында 624 орындық орта мектеп;
  • Мұнайлы ауданы Баянды селосында 900 орындық орта мектеп, Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінде 900 орындық, Басқұдық селосында 900 орындық орта мектептер;
  • Қарақия ауданы Жетібай поселкесінде 624 орындық орта мектеп, Болашақ станциясында 80 орындық орта мектеп.

Жыл соңына дейін тағы да 4 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда: Мұнайлы ауданы Маңғыстау-4 тұрғын үй массивінде 1200 орындық орта мектеп (инвесторлар есебінен) , Батыр селосында 960 орындық орта мектеп, Түпқараған ауданы Ақшұқыр селосында 960 орындық орта мектеп, Қарақия ауданы Құрық селосында тубвиражды балаларға арналған 300 орындық мектеп-интернат 75 орындық балабақшасымен (инвесторлар есебінен).

Облысымызда 3 мектеп апаттық жағдайда деп танылған болатын:

  • Маңғыстау ауданы С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат;
  • Қарақия ауданы Құланды орта мектебі;
  • Қарақия ауданы №5 орта мектеп.

Осы мәселені шешу мақсатында ағымдағы жылы ҚР БжҒМ-нің қолдауымен республикалық бюджеттен Маңғыстау ауданы С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың құрылысы басталды. Тағы 2 мектептің құрылысын тез арада бастауға ҚР БжҒМ-не ұсыныс енгізілді.

 

Бала бақшалар желісін кеңейту:

Ағымдағы жылы 2535 орындық 8 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды, жыл соңына дейін тағы да 1280 орындық 8 МДҰ іске қосылады деп жоспарлануда.  Сонымен, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 71,6%-ға  пайызға жетеді деп күтілуде (3-6 жастағы балаларды оқыту және тәрбиемен қамту- 80,2%)

3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамту мақсатында «Маңғыстау облысы бойынша мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың 2014-2020 жылдарға арналған Қадамдық жоспары» жасақталды.

 

Пәндік кабинеттермен жабдықтау:

2013 жылы республикалық бюджеттен 25 химия кабинетін алуға 102,425 млн.теңге қаржы бөлінді (2012 ж- 25 химия кабинеті алынды).

Осылайша облыс мектептері қазіргі заманға пәндік кабинеттермен:

физика – 65,5%, химия – 60,5%, биология – 77,2%, лингафондық-мультимедиялық кабинеттермен 100% жабдықталған.

Мектептердің компьютерлік паркін жаңарту үшін үш жылда 292 компьютер сыныбын алуға (3789 дана компьютер) жергілікті бюджеттен 650 млн. теңге қаржы қаралған болатын. Оның ішінде 2013 жылға 250 млн теңге (1456 дана) қаражат бөлінді, аудандық, қалалық әкімдіктер сатып алу процедураларын жүргізуде.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2012 жылы облыстың 18 білім беру ұйымына: 1 колледж және 17 жалпы білім беретін  мектепке «E-learning» электронды оқыту жобасы (ЭОЖ) енгізілді.

Аталған жобаға 2013 жылы облыстан 27 білім беретін мектептің енгізіледі деп күтілуде.

 

ІІ. Білім беру ұйымдарының желісі мен оқушылар контингенті

 

Елбасының тапсырмасына орай 2010 жылдан бастап балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында мектепке дейінгі білім жүйесі қайта жандана бастады, балабақшалар саны өсуде, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған ұйымдардың жаңа түрлері құрылуда. Соңғы үш жылда жобалық қуаты 9664 орындық 111 мектепке дейінгі ұйым ашылды. 

Бүгінгі таңда облыста 181 мектепке дейінгі ұйымда 26078 бала тәрбиеленуде, оның ішінде 3-6 жастағы балаларды қамту 69,7% құрайды. Мектепалды дайындық пен бастауыш сыныпта отырған балаларды қоса есептегенде 3-6 жастағы балаларды  қамту 78,6%.  

Облыста 41 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, ол барлық мектепке дейінгі ұйымдардың 22,7%-н құрап отыр. Яғни, бұл әрбір 5-ші бала жекеменшік бала бақшаға барып жүр деген сөз.

 Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептердің желісі өсуде. Соңғы жылдары жалпы білім беретін мектептер саны 100-ден 137-ге дейін өсті.

Өткен 2012-2013 оқу жылында  98344 оқушыны қамтыған 137 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасады, оның ішінде 122 күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп, 5 кешкі мектеп, 4 жекеменшік мектеп, 6 арнайы білім беру ұйымы. Ақтау, Жаңаөзен қалалары, мен Мұнайлы, Бейнеу аудандарында оқушылар саны жыл сайын өсуде, ал Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған аудандарында  оқушылар саны  тұрақты болып отыр.

           2012-2013 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары 25 мекемені құрады, соның ішінде 15 мемлекеттік және 10 мемлекеттік емес білім беру ұйымдары. Колледждердегі студенттер саны 27092, оның ішінде жекеменшік колледжерде – 10784. Яғни, барлық студенттердің 39,8%-ы жекеменшік секторда білім алуда.

 

ІІІ. Педагог кадрлар және олардың біліктілігін арттыру

 

Облыстың күндізгі жалпы білім беретін мектептерінде барлығы 8208 мұғалім, оның ішінде ауыл мектептерінде 4103 мұғалім жұмыс жасайды (50%). Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесі 43,2% құрайды (республика – 45,9%).

Облыс мектептері үшін 88 мұғалім жетіспейді, негізінен мына пәндер бойынша: математика, физика, қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті.

Бұл мәселені шешу мақсатында 2006 жылы әлеуметтік сала мамандарын дайындаудың облыстық бағдарламасы қабылданды, облыс әкімінің білім гранты белгіленді.

Соңғы үш жылда осы бағдарлама аясында республиканың жоғары оқу орындарын бітірген 162 жас маман (2010ж - 51, 2011ж - 58, 2012ж - 53) ауыл мектептеріне жұмысқа орналасқан болса, 2013-2014 оқу жылында 54 жас маман  келеді деп күтілуде. Сондықтан, барлық деңгейдегі әкімдер осы мамандардың жұмысқа орналасуына жан-жақты ықпал етуге тиісті.

Білім сапасы мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты. Мұғалім жайлы Ахмет Байтұрсынов былай деген: … « Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Демек білім сапасын көтерудің негізгі тетігі - ұстаз, сондай-ақ, оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық қызметі.

 Сондықтан, облыс мектептерінде білім мазмұнын жаңарту, оқыту әдістерін жетілдіру, жаңа технологиялармен жұмыс түрлерін ұйымдастыру бағытында  сыни тұрғыдан ойлау, модульдік оқыту, оқу және жазу арқылы дамыту оқыту, блокты оқыту әдістері кеңінен қолданылуда.

2012-2013 оқу жылында 571 педагог білім жетілдіру курстарымен, оның ішінде 342-і жаңа форматтағы оқулармен қамтылды. Жыл аяғына дейін деңгейлік курстардан барлығы  143 мұғалім өтеді деп жоспарлануда.

Мұғалімдер 90 жалпы білім беретін мектепте он-лайн режиміндегі 80 интерактивті сабаққа қатысты.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Үздік орта білім беру ұйымы» конкурсы ұйымдастырылды, ең төменгі жалақының сегіз жүз еселенген мөлшердегі облыс әкімінің грантының иегерін жаңа ғана біліп, жеңісін тамашаладыңыздар. Яғни, сапалы білім тәрбие бере отырып, кез-келген педагогикалық ұжымға миллионер атануға толық мүмкіндік бар.

        Облыстық деңгейдегі «Тілші мұғалімдер олимпиадасы», «Жаратылыстану-математика пәні мұғалімдерінің олимпиадасы», «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі – білім сапасын қамтамасыз етудің шарты» атты педагогикалық оқулар байқауы, «Үздік педагог грантын беру» конкурсы,  «Үздік сынып жетекшісі», «Қазақ тілінің үздік мұғалімі»,  Серікболтану оқуының «Үздік сабақ» және «Үздік сынып сағаты»  облыстық байқаулары мен конкурстарына 222 мұғалім қатысып, ұстаздық шеберліктері мен білімдерін таныта білді.

2012-2013 оқу жылында үш мұғалім республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары атанды: Түпқараған ауданы №1 мектеп – лицейінің физика пәні мұғалімі Жауперова Шырынгүл, Ж. Мыңбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Төлеуова Анар, Маңғыстау политехникалық колледжінің оқытушысы Тұяқова Ғайша.

«Білім беру  кызметкерлерінің  кәсіби өсуі - білім берудің  жаңа сапасын қамтамасыз  етудің  шарты» атты білім беру қызметкерлерінің Бірінші Республикалық   педагогикалық  оқуында Жаңаөзен қаласы № 8 «Ақбөбек» балабақшасының әдіскері С.Ажигалиева  І  орынды иеленді. 

«Маңғыстау облысының бірыңғай ақпараттық білім беру ортасы» жобасы (www.mektep.edu.kzинтернет ресурсы 2012 жылғы қараша айында қорытындыланған республикалық «AWARD.kz 2012 ұлттық интернет жүлдесі» байқауында «Балалар тәрбиесі, білім және ғылым» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынға ие болды.

 

IV. Тәрбие беру үрдісі

 

Ұлы педагог В. А. Сухомлинский өз еңбектерінде ''мектептік-отбасылық тәрбие'' ұғымын кең қолданады. Оның пікірінше, тәрбиені мектептік немесе отбасылық деп қарастыруға болмайды, өйткені бала тұлғасы біртұтас және оны қалыптастыру процесі де біртұтас сипат алады. Міне, осындай біртұтас тәрбие процесінде Мектептің рөлі ерекше болуы тиіс. "Біз үшін мектеп білім мен тәрбиенің ортасы, келешектің ашар парағы, ұрпақтар  сабақтастығының бір куәсі. Мектеп - бұл өмір қақпасы,  ол қақпадан әр адам өтеді" деген В.А.Сухомлинский, ол қақпадан адамның қалай өтетіндігі ұстаздарға байланысты екендігіне назар аударады. Шәкірттің қасында кім тұрады, кім қандай бағыт-бағдар береді, кім қандай ақыл-кеңес айтады,  көп нәрсе соған байланысты.

Облыс білім ұйымдарында тәрбие беру үрдісі кешенді Іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асырылады. Ол мектеп ішінде және мектептен тыс ұйымдарда ұйымдастырылады.

 Маңғыстау облысында:

- мектептен тыс қосымша білім беретін 14 ұйым жұмыс жасайды, оның ішінде 1 саз мектебі, 8 өнер мектебі, 2 оқушылардың шығармашылық үйі, 2 «Дарын» қосымша білім орталығы, 1 облыстық қосымша білім кешені облыс мектептерінің оқушыларына сабақтан тыс уақытта қызмет көрсетеді;

- 39 аула клубы жұмыс жасайды, ондағы  232 үйірмеге  10575  бала тартылған;

- мектептердегі 208 үйірмелерге 9375 қатысады.

Барлығы қосымша білім беру ұйымдарындағы  440 үйірмеге 19950 оқушы қатысып отыр. Бұл барлық оқушылардың  20,3% құрайды.

Сонымен қатар, мектептерде сыныптан тыс 503 спорт секциясы жұмыс жасайды, онда 16269 оқушы қамтылып отыр (16,9%).

Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы білім мекемелерінде кешкі уақытта спорттық залдары мен жертөлелерінде спорттық секция және үйірме жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде, сондай-ақ демалыс және мерекелік күндерде күнтізбелік жоспарға сай спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.

2014-2015 жылдары Жаңаөзен қаласында оқушылар сарайының құрылысын бастау жоспарланды. 

Оқушыларды патриоттық рухта, Отанын шынайы сүюге тәрбиелеу мақсатында құрылған  «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына бүгінгі күнге 28052 бала қабылданды (өткен оқу жылында 6704 оқушы).

 «Оқушы, отбасы, қоғам» үштігіндегі  білім мен тәрбие бағытында оқушылардың қоғамға бейімделуін, дене тұрғысы және рухани тұрғыдан дамуын қалыптастыруда  үкіметтік емес ұйымдар және  ата-аналармен жұмыс түрлері ұйымдастырылуда. Облыста «Шаңырақ» үкіметтік емес ұйымының қолдауымен «Әкелер кеңесі», «Ардагер ұстаздар кеңесі» жоспарлы жұмыс жасауда.

Ата-аналар мен әр түрлі қоғамдық ұйымдарды, сонымен қатар, мектеп түлектерінің көмегін үйлестіру бағытында Облыс мектептерінде Қамқоршылық кеңестер мен ата-аналардың қоғамдық қорлары құрылуда. Олардың саны қазір 63-ке жетті (2011-2012 о.ж. – 48).

       Балалардың жазғы каникул кезінде бос болмауы аса маңызды шаралардың бірі. Биылғы жылы  жазғы демалыстың барлық түрлерімен  облыстағы 1-10 сыныптағы  91953 оқушының  90706-ы (98%) қамтылды.

   Жазғы сауықтыру шараларына жергілікті бюджеттен 167,2 млн теңге, демеуші мекемелер тарапынан  18,9 млн теңге, кәсіподақтар тарапынан  12,6 млн теңге қаражат бөлінді. 

Бірінші кезекте  жазғы сауықтыру шараларына   жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасы  балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалар қамтылды. Мектеп жанында  63 демалыс лагері  ашылып,  оған 10210 оқушы  тартылды.  

Жазғы кезеңде қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы 39 аула клубында қызықты  үйірмелер  ұйымдастырылып,  12575 бала жазғы  демалысын тиімді өткізсе,  27  кәсіптік, спорттық бағыттағы  лагерьлерде  спорттық салауатты  түрлі шараларға 2785 бала  қамтылды және өлкеішілік саяхатқа 32345  оқушы  тартылды. 

«Өзенмұнайгаз» ӨФ  кәсіпорыны демеушілігімен 4010 бала облыс, республикадан тыс жердегі лагерьлерде (Көкшетау, Қырым) демалды.

Ағымдағы  жылдың 2-16 тамыз аралығында  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 40 бала «Аджип Каспиан Си.Б.В.»  мекемесінің демеушілігімен  Италияда демалды.

Мектептерде сапалы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруды іске асыруда балалардың денсаулығын нығайтуда оларды ыстық тамақпен қамтамасыз етудің маңызы өте зор.  2012-2013 оқу жылында алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда білім  алушылардың ыстық тамақпен қамтылуы 4,1%-ға артты.  

 2012-2013 оқу жылында облыстың 114 жалпы орта мектебінде 62113 (65,1%) оқушыға ыстық тамақтандыру ұйымдастырылды.  Оның ішінде, 20716 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, 33% (2012ж.- 20066 оқушы, 32%).   Ал,  8545- оқушы  аз қамтылған отбасыларынан шыққан, олардың 100% тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. (2012ж – 8599 оқушы, 100%).   

Бастауыш сыныпта оқитын оқушы саны - 42576, оның 15798 (37,1%) тегін ыстық тамақпен қамтылған (2012ж – 39938, 14931, 36%). Мектебі жоқ елді мекендерден көрші мектептерге 9627 оқушы 73 автобуспен күнделікті тасымалданып отыр.

Білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруге арналған жағдай жасау үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі бағыты - біздің облысымызда мүмкіндіктері шектеулі балаларды мектепке дейінгі  және мектеп жасына, балалардың отбасын психологиялық-педагогикалық қолдауды ерте ұйымдастыру және толыққанды әлеуметтік интеграциялау, мектепке дейінгі арнайы білім беру ұйымдарының  аумағы  кеңеюде. 2013-2014 оқу жылында   мүмкіндігі шектеулі  150 балаға  арналған   облыстық  мектеп –интернаты  ашылғалы отыр. Сонымен қатар Ақтау қаласында  мектепке дейінгі  білім беру ұйымында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған  3 тобы бар аралас балабақша  жұмыс жасайды.

2013 жылы 16 жалпы орта мектепте 24 арнайы сынып ашылды, онда 115 бала оқып тәрбиеленді, 24 білім беру мекемесінде «тосқауылсыз аймақ» жобасы енгізілді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында 2011-2013 жылдар арасында  білім берудің сапасын жақсарту және арттыру мақсатында   республикалық бюджеттен  81827,8 мың теңге қаржыға  үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі 98 мүгедек-балаға техникалық оқу құралы  (компьютерлер, көмекші техникалық құралдары сатып алынып, интернет) сатып алынды.

«Үздік қосымша білім беру ұйымы», «Үздік аула клубы», «Үздік лагерь» тәрізді шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуде.

Осындай кешенді шаралардың арқасында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар саны жыл сайын төмендеуде. Мысалы, 2011 жылы 137, 2012 жылы  106, 2013 жылдың 7 айында 61 қылмыс тіркелді.

Білім ұйымдарының тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы негізгі жетістіктерінің бірі ретінде осы көрсеткіштерді алуға болады деп ойлаймыз. 

 

V.Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, дуальды оқыту жүйесін енгізу

          

         Бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруда және материалдық-техникалық базаны нығайтуда қолдау көрсетуде, кәсіпорындарда өндірістік практикалардан өтуде колледждердің әлеуметтік серіктестіктері тартылуда.  2010 жылы кәсіпорындар мен оқу орындарымен ынтымақтастықта 277 келісім, келісім шарт, меморандум жасақталса, 2013 жылдың басында 99 кәсіпорынмен 504 келісім шарт жасақталды, өндірістік практикадан өту үшін 8758 жұмыс орны (2010 жылғымен салыстырғанда 7 есеге артты) бөлінді, 91 оқу-өндірістік шебері мен оқытушылар кәсіпорыннан тағылымдамадан өтті (2010 жылғыға қарағанда үш есе артты).

Маңғыстау облысы білім басқармасының  «Дуалдық оқыту жүйесінің элементтерін техникалық және кәсіптік білім беру  ұйымдарында енгізу бойынша эксперимент  алаңдарын құру туралы» 27.08.2012ж. № 219 бұйрығының негізінде 7 колледжде, 13 мамандық бойынша, 318 студенттерді қамтитын тәжірибе алаңдары құрылды. Кәсіпорындарда тағылымдамадан өтушілер үшін тәжірбиелі мамандардан құрылған тәлімгерлер белгіленген, дуалдық оқыту жүйесі бойынша  оқытушыларға өндірістік практикадан өтуге 318 жұмыс орны бөлінген. Кәсіпорындарда студенттердің практикасына 8758 жұмыс орны бөлінуіне байланысты, олардың практикадан өтуіне 100% жағдай жасалған.

 

VI. Білім берудің сапасы

 

Білім беру сапасы – қоғамдағы білім беру үрдісінің жағдайын, нәтижесін, сондай-ақ6 жеке тұлғаның кәсіптілігінің қалыптасуын және даму болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік категория. Білім беру сапасы білім беру мекемелеріндегі жастарды оқыту мен тәрбиелеу қызметтерінің әр түрлі көрсеткіштерінің жиынтығы, яғни білім беру мазмұны, оқыту формасы мен әдістері, материалдық техникалық базалары, т.б. бойынша анықталады.

Академик И. Лернер білім сапасының алты қасиеті туралы айтқан. Олар білім сапасының дұрыстығы, толықтығы, әрекеттігі, түсініктілігі, беріктігі, жүйелігі. Әрине мұғалім үшін бала біліміне осы 6 қасиетін саралай отырып, әділ баға қою оңай шаруа емес. Дегенменде, оқушылардың әр түрлі білім додаларындағы жетістігі білім сапасының нақты көрсеткіші бола алады деп есептеуге толық негіз бар.

Пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп жүрген облысымыздың оқушылар саны жыл сайын артып келеді.

Өткен 2012 жылы мектеп оқушыларының республикалық пәндік  олимпиадасында екі бағыт бойынша да (қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика) жалпы командалық ІІ орынды иеленді. Республикалық ғылыми жобалар байқауында облыс командасы ІІІ орын иеленіп, «Үздік команда-2012» атағын жеңіп алды. 

Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен оқушылардың республикалық пәндік  олимпиадасына 64 оқушы қатысып, 2 алтын, 4 күміс, 17 қола медальді иеленді (23 жүлде). Жаратылыстану-математикалық бағытта облысымыз командалық есепте  елімізде ІІІ орынды иеленді. Оның ішінде,  математика, химия пәндері бойынша - 4 , география, қазақ тілі пәндерінен – 3, информатика -2 жүлделі орындар бар. Өкінішке орай, физика, биология пәндері бойынша -  1, ал Қазақстан тарихы, орыс сыныптарындағы орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінен бірде-бір жүлделі орын жоқ.

1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының VIII «Зерде» Республикалық конкурсына  18 оқушы қатысып, оның 17-сі жүлдемен оралды: I дәрежелі дипломмен 1 оқушы, II дәрежелі дипломмен 7 оқушы, III дәрежелі дипломмен 9 оқушы. Жас ғалымдарының барлығы да жүлделі орын алған Маңғыстау облысының командасы республикада II орынға ие болып, «Үздік команда-2013» номинациясымен марапатталды.

Көп үміт күттіретін 20 мыңнан астам оқушысы бар Жаңаөзен қаласынан соңғы 2 жыл ішінде пәндік олипиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарынан тек 1 жүлдегер шыққаны бізді қынжылтады.

         Сонымен, 2012-2013 оқу жылында республикалық және халықаралық ғылыми жоба конкурстары мен пәндік олимпиадаларына облысымыздан барлығы  180 (96+84)  оқушы қатысып, олардың 98-і (57+41) (54,44%) жүлделі орындарға ие болды. Ал, осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2007-2008 оқу жылында бұл көрсеткіш  12 қатысушы, 7 жүлдегер болған  еді.  Жүлдегерлер саны 14 есе артып отыр. 

            Облыста барлығы 15 жаңа типті мектептер қызмет атқарады (гимназия, лицейлер), оларда 8135 оқушы тереңдетілген бағдарламамен дәріс алуда.

Білім басқармасына қарасты 2 облыстық, Ақтау қалалық білім бөліміне қарасты 1 қалалық мамандандырылған мектептерде 1681 оқушы білім алады.    

Сонымен қатар, қарапайым мектептерде барлығы 16294  оқушыны қамтыған 647 тереңдетілген сыныптар бар. Осылайша, облысымызда қабілетті оқушылар үшін біршама жағдайлар жасалып отырғанын атап өткім келеді.

Әйтседе, өкінішке орай, физика (35), биология (14), Қазақстан тарихы (10), химия (9) сияқты пәндерден тереңдетілген сыныптар саны аз. Мына аудандар мен қалаларға: Жаңаөзен қаласы (физика-3), Бейнеу (физика-4), Қарақия (математика -1, физика- 0), Мұнайлы (математика-2, физика-2), Маңғыстау (математика -тек қана лицейде тереңдетілген), Түпқараған (физика-1 ғана мектепте) аудандары математика, физика, химия, Қазақстан  тарихы пәндерінің сапалы оқытылуына  назар аударғаны жөн.

Білім сапасын сырттай бағалаудың қазіргі тетігі – мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруы. Әрине, тек тестілеу арқылы оқушы білімін бағалау тіл және қоғамдық пәндер бойынша оның дұрыстығы мен толықтығына, нақты айтқанда, есте сақтап, қайта айтып берудің шектелуіне, ал математика-жаратылыстану пәндерінде - әрекеттігі мен түсініктілігіне, яғни алған білімді нақты, тәжірибелік жағдайда қолдана алмауымен шектеледі. Бұл жөнінде қоғамда қарама-қайшы пікірлер бар, ал ҚР Білім және ғылым министрлігі қазір тестілеудің форматын өзгертуді жоспарлап отырғаны ата-аналар мен ұстаздар тарапынан қолдау тауып отырғанын атаған жөн.

2013 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындыларына тоқталсақ.

Ағымдағы жылы мектеп бітірушілер күндізгі жалпы білім беретін мектептерде – 4253 оқушы, мемлекеттік емес мектептерде – 14 оқушы, кешкі мектептерінде – 231 оқушы, барлығы – 4498 оқушы болды. Оның ішінде 108 мектептің 2733 мектеп бітірушісі, яғни барлық түлектің 60,76% ҰБТ-ге қатысуға ниет білдірді2012 жылы - 3282. 

         Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 27.05.2013ж. №200 бұйрығына сәйкес, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстар жеңімпаздары мен  қатысушылары – барлығы 46 түлек ҰБТ-ден босатылды.

         Сонымен, ҰБТ-ге қатысқан оқушы саны – 2672 (59,41%). Оның ішінде 3 мектеп бітіруші ҰБТ өткізу ережесін бұзғандықтан (аудиторияға ұялы телефонды алып кіру) аудиториядан шығарылып, олардың тест нәтижелері жойылды. Нақты ҰБТ тапсырғаны – 2669.

        2012 жылы орта балл – 65,66 болса, 2013 жылы – 69,39. Бұл, өткен жылғымен салыстырғанда 3,73 баллға жоғары. 

 Облыстың аудан, қалалары арасында төмен көрсеткіш көрсеткен Маңғыстау ауданы – орта балы 59 (2012 жылы – 54,80), Жаңаөзен қаласы – орта балы 64,4 (2012 ж – 58,75); Бейнеу ауданы – орта балы 65,1 (2011ж – 58,83).

Пәндер бойынша орта балл көрсеткіштері: қазақ тілі - 17,3, орыс тілі-13,2, Қазақстан тарихы - 14,79, математика - 10,83, физика 11,17.

Өкініштісі, ҰБТ өткізіліп келе жатқан 10 жыл ішінде біздің облысымызда математикадан тұрақты төмен көрсеткіш болып отыр. Оның  себептерінің бірі – пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі мен бар мұғалімдердің төменгі біліктілігі деп ойлаймыз. Шын мәнісінде, соңғы жылдары бұрынғы майталман ұстаздар зейнет демалысына шыққанан кейін олардың орнына келген жас мамандардың өздерін есептер шығаруға үйретуге тура келіп жататыны өтірік емес.

2012 жылы «Алтын белгі» белгісіне 99 үміткердің 26-сы өз білімдерін дәлелдеген (26,3%) болса, ал 2013 жылы 82 үміткерден 29-ы өз білімдерін дәлелдеді (35,37%). Яғни білім сапасын дәлелдеу 9%ға көтерілгенін көреміз. Оның ішінде Маңғыстау ауданы бойынша 8 үміткердің, Қарақия ауданы бойынша 7 үміткердің бірде біреуі өз білімін дәлелдей алмаса, Жаңаөзен қаласынан 18 үміткердің тек 2-і ғана білімдерін дәлелдеп шықты (11,1%).

ҰБТ-дің қорытындылары бойынша ең үздік 10 мектеп тізімін Қазақ-түрік лицейі 98,1 орта балмен бастап отыр. Ақтау қаласынан 4 мектеп, Мұнайлы ауданынан 3 мектеп және Бейнеу ауданынан 1 мектеп үздік ондыққа еніп отыр. Ал қалған аудандар мен Жаңаөзен қаласынан бірде-бір мектептің енбеуі ойланатын жағдай.

Нәтижелері облыс бойынша ең төмен 10 мектептің 7-уінің Маңғыстау ауданынан болуы – осы ауданның білім беру жүйесін зерделеп,  шұғыл шаралар алу қажеттігін көрсетеді.

Сапалы білім мен тәрбие беру үшін жасалуы тиіс жағдайдың маңыздысы – оқу-тәрбие үрдісін бір ауысымда ұйымдастыру мүмкіндігінің болуы. Оқыту үрдісін бір ауысымда ұйымдастыру оқушылардың жеке білім алу сұраныстарын жоғары дәрежеде қанағаттандыру мүмкіндігін, сабақтағы, сабақтан тыс және үйде орындалатын танымдық іс-шаралардың сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Маңғыстау облысында 2012-2013 оқу жылында облыс мектептерінің 12-і (9,8%) бір ауысымда дәріс берсе, 104-і (85,3%)  екі ауысымда, ал 6 -ы (4,9%) тіпті үш ауысымда оқыды. Осыдан, мектептердің 85,3%да түске дейінде түстен кейінде бос оқу кабинеттері болмайды деген сөз. Әрине, мұндай жағдайда оқушылар үшін қосымша сабақтар, кеңестер, консультациялар ұйымдастыру мүмкін емес.

2012-2013 оқу жылында мына мектептерде оқу үш ауысымда жүрді:

- Бейнеу ауданы Манашы және Атамекен орта мектептері;

- Жаңаөзен қаласы  №14 орта мектеп;

- Мұнайлы ауданы №3 орта мектеп

- Түпқараған ауданы Е. Өмірбаев атындағы орта мектеп және М.Әбдіхалықов атындағы орта мектеп.

Ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінде жаңа мектептердің іске қосылуына байланысты Бейнеу ауданы Манашы орта мектебі мен Мұнайлы ауданы №3 орта мектебінде ғана үш ауысымды оқыту тоқтатылады. Ал қалған 4 мектепте 3 ауысымдық оқыту әзірше сақталады (олар 2014-2015 жылдары мектеп құрылыстары есебінен толық тоқтатылатын болады).

            Жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану арқылы пәннің берілу сапасын арттыруға қол жеткізуге әбден болады.

              Осы орайда, облыстың мектептерінде  Ж. Қобдикованың  «Үшөлшемді оқыту  технологиясы» бойынша байқау алаңдары ашылып тиімді қызмет атқаруда. Осындай әдіспен Мұнайлы ауданының №5 орта мектебіндегі бес сыныпта 5 мұғалім 140 оқушымен сабақтар беріп келеді.

           Модульдік оқыту технологиясы бойынша Ақтау қаласындағы №12, №13, №14 орта мектептерінде 6 мұғалім 114 оқушы қамтылған 6 сыныпқа тәжірибе жүргізуде.

           Қазақстан  Республикасы  Білім  және  ғылым министрлігінің 2011 ж 30 желтоқсанындағы  №24-02-3/3371 хатына сәйкес  «Cambridge  University   Press»  баспасының  ағылшын  тілінен  1, 4, 6 сыныптардың оқушыларына арналған  бейімделген  оқулықтарын  сынақтан өткізу   жұмыстары Жаңаөзен қаласындағы гимназия  және Ақтау қаласындағы №17 орта мектебінде жүргізілуде.

           Үш тілде оқыту  бойынша Ақтау қаласының  экономикалық лицейінде Экономика пәні, Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп - интернатта География пәні оқытылуда (5 мұғалім 270 оқушыны қамтылған).

            Биылғы оқу жылында Түпқараған ауданы, №1 мектеп-лицейінде физика пәнін үш тілде оқыту тәжірибесі басталады (пән мұғалімі – Жауперова Шырынгүл).

           Ағылшын тілін ерте жастан оқыту эксперименті бойынша Ақтау қаласының №23 орта мектебінде 152 оқушыны қамтыған 4 мұғалім жұмыс жүргізді. 2013-2014 оқу жылынан бастап ағылшын тілі жалпы білім беретін мектептердің барлығында 1-сыныптан  бастап кезең-кезеңімен енгізіледі.

12 жылдық білім беруге көшу

Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің стратегиялық мәселелерінің бірі 12 жылдық білім беру моделіне көшу болып табылады. Өздеріңізге белгілі Қазақстан  Республикасының  2020  жылға  дейінгі  стратегиялық   даму жоспарына сәйкес және ҚР-да білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында  2015 жылдан бастап  12 жылдық білім беруді енгізу жоспарлануда. 

         Осыған орай, ҚРБжҒМ - нің тапсырмасына сәйкес мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, ондағы оқушы орнының жеткіліктілігін есептеу, бейіндік мектептер құрылысын салу қажеттілігін анықтау, оқушылар тасымалы, сыныптар саны, сыныптардағы оқушы санының болжамын анықтау бағытында жұмыстар жүргізілді. 2015-2020 жылдарда бейіндік мектептерді ашудың қадамдық жоспары жасақталды.

 

Құрметті ұстаздар!

Кеше ғана – 23 тамызда Астана қаласында өткен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов педагог мамандардың ақпараттық заманға ілесе алмай жатқанына алаңдаңдаушылық білдіріп, олардың барлығын қазіргі байланыс технологияларын жан-жақты меңгеруге шақырды.
Оқушылардың талқылау, салыстыру, қорытынды жасау және дәлелдеу қабілеттерінің төмен дәрежеде екендігін атап өтті. Кәсіптік-техникалық оқу орындарының білім беру деңгейі мектептен де төмен болып тұрғаны да жасырын емес. Өздеріңізге белгілі, бүгінде функционалдық сауаттылықты дамытудың Ұлттық жоспары қабылданды. Ал әлемдік тәжірибе негізінде әзірленген жалпыға міндетті білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары алғаш рет пәндердің мазмұнын емес, оқушылардың практикалық дайындығын шыңдауға мүмкіндік бермек. Осы бағытта Министрлік сапалы білім мен тәрбие беру бағытында нақты міндеттерді белгілеп берді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі Б.Т.Жұмағұловтың баяндамасы Министрлік сайтына орналастырылған, атаулы баяндаманы аудандық/қалалық білім бөлімдері басшыларына барлық педагогикалық ұжымдар арасында талқылап, нақты іс-әрекеттер қабылдауды, ал облыстық техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы, орта білім беру саласындағы және мектепке дейінгі оқу-әдістемелік орталықтарына «Облыстағы білім мен тәрбие берудің сапасын арттырудың кешенді іс-шаралар жоспарын» жасауды тапсырамын.

 

Құрметті әріптестер!

Білімнің мазмұны (көп жағдайда) құрамы бойынша анықталса, білім сапасы көбіне деңгейі бойынша анықталатыны белгілі. Орыс академигі В.Беспалько білім игерудің төрт деңгейін бөліп көрсетеді: оқушылық (қайта жаңғырту), алгоритмдік (жүйелеу, реттеу), эвристикалық (танымдық ізденіс) және шығармашылық (ойлап табу, құрастыру). Осы аталғандардың ішінде алғашқы үшеуіне мектепте қолданылатын дәстүрлі жүйе арқылы салыстырмалы бағалауға болады, ал төртінші – шығармашылық деңгейін бағалаудың тиімді жолдарын әлі де болса іздеуіміз керек, қадірлі ұстаздар. Бұл істе барлық үміт – ұстаз бойындағы міндетте.

Ұстаз – ұлағатты атау. Алтын ұя мектептің жаны да, ары да – мұғалім. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Себебі ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ.  

Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы ұстаным.

Жаңа оқу жылында талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін құрметті ұстаздар! Алдағы оқу жылы осы залда отырған Сіздер үшін, әріптестеріңіз үшін табысты жыл болсын!

         Назарларыңызға рахмет!

Туындаған сұрақтарыңыз бар ма? Қолдау қызметіне хабарласыңыз

Өлкемізбен танысайық

Маңғыстау өңіріне арналған танымдық онлайн жоба: Интерактивтік карталар, виртуалды 3D-саяхат, бейне-материалдар, ғажайып өлкенің тарихы туралы мағлуматтар.

Ресурсқа өту »