Білім жаңалықтары
12.05.2025 | 725
Қазақстанда жетім балаларға арналған тәлімгерлер үшін міндетті сертификаттау енгізілді

Қазақстанда жетім балаларға арналған тәлімгерлер үшін міндетті сертификаттау енгізілді
2025 жылғы 30 сәуірде ҚР Оқу-ағарту министрлігі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар үшін міндетті оқытуды енгізетін бұйрық шығарды. Оқу курсын аяқтағаннан кейін, тәлімгерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
Оқытуды тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдар жүргізеді. Кандидаттар жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курсты аяқтаған соң тестілеу өткізіледі, оны сәтті тапсырған азаматтарға сертификат беріледі.
«Тәлімгерлерді міндетті сертификаттау — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы қолдау көрсетуді қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Дайындықтан өткен тәлімгерлер балалардың әлеуметтенуіне және ересек өмірге дайындығына тиімді көмектесе алады деп сенеміз», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Тәлімгер болуға үміткер — ҚР кәмелетке толған азаматы, қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Тәлімгерлік қызмет ақысыз түрде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Еске салсақ, Қазақстанда тәлімгерлік институты 2024 жылы енгізілген болатын. Оның мақсаты — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсету. Бұл механизм тәрбиеленушілерді өз бетінше өмір сүруге дайындауға ықпал етеді.
-
-
17.01.2026 | 130
Жеке мектептерге қойылатын талаптар күшейеді
-
16.01.2026 | 135
Абай ұлттық мектебі тарихындағы жаңа кезең басталды
-
15.01.2026 | 149
Алматыда XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті
-
14.01.2026 | 243
Қазақстанда өткен жылы 162 жаңа мектеп салынды
-
13.01.2026 | 169
Ақмола облысында әлеуметтік сала мәселелері талқыланды

