Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

11.06.2025 | 177

Абай облысында мектеп оқушыларына арналған жазғы кәсіби бағдарлау лагерлері ашылды

Абай облысында мектеп оқушыларына арналған жазғы кәсіби бағдарлау лагерлері ашылды

Өңірде колледждер базасында 10 жазғы лагерь іске қосылды, онда оқушылар түрлі кәсіби бағыттар бойынша алғашқы практикалық тәжірибе алуда. Биыл шамамен 600 баланы қамту жоспарланған.

Жаңа форматтағы лагерьлердің бірі — Бесқарағай колледжінің базасындағы экологиялық-аграрлық «ЭКОorman» лагері. Мұнда балалар ландшафттық дизайн, жылыжай шаруашылығы, флористика, ауыл шаруашылығын механизациялау негіздерімен танысады.

«SmartKriS» цифрлық лагері IT және жаңа технологиялар Жоғары колледжінің базасында жұмыс істейді. Ол екі ауысымда ұйымдастырылған. Оқушылар робототехника, бағдарламалау, веб-дизайн, CAD-графика бағыттарын меңгеруде. Оқыту WorldSkills стандарттарына сай практикалық тапсырмалар мен ойын кейстері арқылы өтеді.

???? Политехникалық колледжде шығармашылық бағыттағы «Summer Camp» лагері ашылды. Бағдарлама екі жас санатына бөлінген. Балалар тігіншілікпен, аспаздықпен айналысып, фетр мен моншақтан бұйымдар жасайды, шеберлік сағаттарына және спорттық жарыстарға қатысады.

Биыл алғаш рет Үржар колледжінде «Үржар-Айым» лагері ашылды. Мұнда ауылдық мектеп оқушылары ұстаздарымен бірге аграрлық іс, ветеринария, аспаздық, дәнекерлеу және басқа да қолданбалы бағыттар бойынша тәжірибе мен шеберлік сабақтарынан өтуде.

Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінде SFEK Summer Camp лагері жұмыс істейді. Мұнда оқушылар графикалық дизайн, веб-әзірлеу, бухгалтерлік есептің негіздері және мобилографияны меңгереді. Сондай-ақ көшбасшылық, командада жұмыс істеу және тайм-менеджмент бойынша тренингтер қарастырылған.

Шәкәрім атындағы Семей жоғары колледжі «Толағай» лагерін іске қосты. Онда ұлттық мәдениет, экология және денсаулық тақырыптарына баса назар аударылған. Бағдарламада қолданбалы өнер, музыка, викториналар, логикалық ойындар қамтылған.

Электротехникалық колледж практикалық бағыттағы IT лагерін ашты. Оқушылар стартап-жобаларға, хакатондарға қатысып, цифрлық саладағы өндірістік процестерді меңгеруде.

«Кәсіби бағдарлау лагерлері – оқушылардың өз қабілет-қарымын іс жүзінде байқап көруі және мамандықтар туралы түсінік қалыптастыруы үшін маңызды алаңға айналуда. Бұған әсіресе, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында басымдық беріліп отыр. Осылайша, колледждер жастардың әлеуетін ашуға өз үлестерін қосуда», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бауыржан Туленов.

Айта кетейік, жазғы кезеңде еліміз бойынша жалпы 10 мыңнан астам лагерь жұмыс істеп, 3,2 млн бала демалыспен қамтылуда.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки