Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

15.09.2025 | 45

Оқу-ағарту министрі балалардың қауіпсіздігі мен Алматы облысындағы мектеп инфрақұрылымын бақылауды күшейтуді тапсырды

Оқу-ағарту министрі балалардың қауіпсіздігі мен Алматы облысындағы мектеп инфрақұрылымын бақылауды күшейтуді тапсырды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысында мектеп инфрақұрылымын дамыту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды. Кеңес жұмысына облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасының, білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттің басшылары, бала құқықтары жөніндегі уәкіл және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жергілікті атқарушы органдар жаңа оқу жылындағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Апатты жағдайдағы және шамадан тыс оқушы жүктемесі бар мектептер мәселесін шешу үшін инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы әзірленуде. Бұл жұмыс қолданыстағы реновация жобасы аясында да жүргізілуде.

Кеңес барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жеке қаралды. Бұған жуырда мектеп автобусымен болған жол-көлік оқиғасы себеп болды. Айта кетейік, елімізде балаларды тасымалдауды ұйымдастырудың бекітілген алгоритмі қолданылады. Құжатта көліктің техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің біліктілігіне, ересектер тарапынан ілесіп жүру мен бақылау шараларына қойылатын талаптар нақты белгіленген. Сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларының дербес жауапкершілігі айқындалған.

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет тарапынан қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын құру үшін тұрақты түрде қаржы бөліп келеді. Жыл сайын жаңа мектептер салынып, ескі мектептер жөнделуде. Бірақ бұл жұмыстардың нәтижелі болуы жергілікті басшылардың жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты», – деді министр.

Кеңес қорытындысы бойынша министр жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтіп, барлық талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар әрбір басшының дербес жауапкершілігін еске салды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки