Білім жаңалықтары
15.09.2025 | 37
«Келешек мектептерінде» бірыңғай дизайн-код енгізілуде: министр Алматыдағы жаңадан салынған білім беру нысандарымен танысты
«Келешек мектептерінде» бірыңғай дизайн-код енгізілуде: министр Алматыдағы жаңадан салынған білім беру нысандарымен танысты
Алматыға жұмыс сапарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы мен республикалық мектептердің салыну барысымен танысты.
Қалада аталған жоба аясында 21 заманауи мектеп салынуда, оның 8-і қазіргі таңда пайдалануға берілді. Солардың бірі – Алатау ауданындағы екі мың орындық №222 мектеп. Мұнда «Адал Азамат» бағдарламасы негізінде бірыңғай дизайн-код енгізілген. Жобада ұлттық құндылықтар мен мәдени ерекшеліктерге негізделген бірыңғай ою-өрнектер, қазақстандық табиғат бейнеленген муралдар, тарихи тұлғалардың нақыл сөздері мен навигациялық жүйе енгізілген.
Министр Медеу, Түрксіб, Жетісу, Наурызбай, Алатау және Бостандық аудандарында салынып жатқан мектептердің құрылысымен танысты. Бұл нысандар оқушылардың жан-жақты дамуына арналған инновациялық кеңістіктер, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, би және спорт залдары, медициналық бөлмелермен жабдықталады. Қауіпсіздік пен инклюзияға ерекше назар аударылған. 2025–2026 оқу жылында қалада тағы 13 мектеп іске қосылады.
Сапар барысында Ғани Бейсембаев мектептегі тамақтануды ұйымдастыру жұмыстарымен де танысты. № 173 мектепте асхана мен кітапхана қайта жаңғыртылып, оқушыларға жаңа стандартқа сай мәзір ұсынылуда. Мектеп директорының айтуынша, оқу процесіне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған Алматыдағы алғашқы ұлттық мектептің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Бұрынғы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты бүгінде «Абай Ұлттық мектебі» атауымен қайта жаңғыртылды. Жаңа мектеп 900 оқушы орнына арналған, одан бөлек интернат, ұстаздар үйі, кітапхана және спорт кешені салынуда. Білім беру мазмұны Абай философиясы мен «бес құндылыққа» негізделеді.
Сапар соңында министр Республикалық физика-математика мектебінің филиалында болды. Мұнда ғимаратты қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жақында жаңартылған мектепте заманауи кітапхана, спорт залы, медиатека, лекторий-амфитеатр және халықаралық олимпиадаларға дайындыққа арналған зертханалар ашылады.
-
-
12.09.2025 | 110
Өңірлік білім басқармаларының басшылары туралы ақпарат
-
12.09.2025 | 105
Барлық балаға тең мүмкіндік