Білім жаңалықтары
16.09.2025 | 53
Құқықтық мәдениет сабақтары: Алматы облысының оқушылары нені үйренеді?
Құқықтық мәдениет сабақтары: Алматы облысының оқушылары нені үйренеді?
Жаңа оқу жылынан бастап пилоттық режимде Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениет сабақтары өтуде. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заң және тәртіп» бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Оған 10 мектеп пен 3 колледждің 7,5 мыңнан астам оқушысы қамтылды.
«Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен бұрынғы құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері – тәлімгерлер жүргізеді. Олар тек құқықбұзушылықтың алдын алумен ғана шектелмей, сондай-ақ тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізеді. Балалардың ерте жастан өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, заңды құрметтеуді және жауапты шешім қабылдауды үйренуі аса маңызды», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Бағдарлама 36 сабақтан тұрады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген: 7–8-сыныптар, 9–10-сыныптар және колледж студенттері. Әр топқа шынайы өмірлік жағдайларға негізделген, жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін ескеретін тоғыз тақырыптық сабақ әзірленді.
Оқу-әдістемелік материалдарды «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының мамандары дайындады. Сабақтарда бала құқықтары мен міндеттері, мектептегі дезадаптация, буллинг пен кибербуллинг, үйден қашу және қаңғыбастық, вандализм, зорлық-зомбылық, психобелсенді заттарды қолдану және лудомания сияқты өзекті мәселелер қарастырылады.
Сабақтар оқу жылының бірінші және үшінші тоқсандарында екі аптада бір рет өткізіледі.
-
-
12.09.2025 | 124
Өңірлік білім басқармаларының басшылары туралы ақпарат
-
12.09.2025 | 117
Барлық балаға тең мүмкіндік