Білім жаңалықтары
16.09.2025 | 15
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша 428 маман оқуды аяқтады
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша 428 маман оқуды аяқтады
2023 жылдан бері елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.
Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған жоба нәтижесінде 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанды. Оның 400-ден астамы конкурссыз басшылық қызметке тағайындалса, 40 директор «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылған мектептерді басқарып отыр. Осылайша, Қазақстандағы мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.
Жоба жалғасын тауып 2025 жылы тағы 428 үміткер оқудан өтуде. Педагогикалық шеберлік орталығында мектеп директорларының орынбасарларын оқыту 21 шілдеде басталып 12 қыркүйекте аяқталды. Білім берудегі өзгеріс көшбасшылары бірнеше кезең бойы іріктеліп, үш деңгейде біліктілігін арттырды. Соның ішінде базалық деңгейден бастап, сараптамалық, кәсіби дайындық деңгейіне дейін әртүрлі бағдарламалар қамтылған. Бұл оқу бағдарламалары мектепті тиімді басқаруға қажетті дағдыларды жетілдіруге бағытталған.
Болашақ мектеп директорларын оқытуға арнайы дайындықтан өткен, сертификатталған тренерлер тартылды. Олар мектеп басшыларың біліктілігін арттыруда 12 жылдан астам тәжірибесі бар, аталған бағдарлама бойынша Кембридж Бағалау кеңесінің сертификаттарына ие мамандар.
Оқыту процесі аяқталған соң, қатысушылар тәжірибеден өтуге жіберілді. Енді 15-26 қыркүйек аралығында қорытынды бағалау жүргізіліп, болашақ директорлар халықаралық тәжірибе негізінде бағаланады. Тиісті тестілеу мен жоба жұмыстарынан, портфолио мен рефлексивті есептен сәтті өткен үміткерлер Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комиссиямен әңгімелесуге жіберіледі. Осыдан соң жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан мамандар кадрлық резервке енгізілмек.
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын сәтті аяқтаған және кадр резервіне кірген мамандар конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалады.
-
-
12.09.2025 | 126
Өңірлік білім басқармаларының басшылары туралы ақпарат
-
12.09.2025 | 119
Барлық балаға тең мүмкіндік