Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

15.10.2025 | 59

Қазақстан болашақтағы инклюзивті білім беруді талқылаудың әлемдік алаңына айналды — Алматыда WIC 2025 Дүниежүзілік конгресі өтуде

Қазақстан болашақтағы инклюзивті білім беруді талқылаудың әлемдік алаңына айналды — Алматыда WIC 2025 Дүниежүзілік конгресі өтуде

Бүгін Алматыда 15-17 қазан аралығында өтетін Инклюзивті білім беру бойынша бірінші Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) басталды. Конгрессті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры (Help Others Pursue Education, Қазақстан) және International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP, Ұлыбритания) ұйымдастырды.

Конгресс бір алаңда әлемнің 40 елінен 1200-ден астам үкіметтік құрылымдар, ғылыми қауымдастықтар, халықаралық ұйымдар, педагогтер мен сарапшылар, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы көшбасшылар өкілдерінің басын біріктірді.

Қатысушылар қатарында Азиядан, Африкадан, Солтүстік Америкадан, Австралия мен Еуропадан делегаттар бар. 100-ден астам халықаралық және отандық сарапшылар пленарлық және панельдік сессияларда спикер ретінде сөз сөйлейді.

Конгрестің басты қонақтары — инклюзивті білім беру саласындағы танымал сарапшы, International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) негізін қалаушы Даниэль Собель, Инклюзивті білім беру саласындағы жетекші ғалым, Ноттингем университетінің проректоры Умеш Шарма және әлемге танымал сәулетші, атақты Fuji Kindergarten балабақшасының авторы Тахакура Тедзука.

Конгрестің негізгі тақырыбы — білім саласындағы инновациялар, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу. Арнайы назар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған технологиялық шешімдерге, оқытудың сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы серіктестікті нығайтуға аударылады.

Конгресс аясында цифрлық технологиялар, білім беру және қолжетімді орта саласындағы шешімдерді ұсынатын «Innovation Expo» инновациялар көрмесі ашылады. Көрмеге Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысады. Көрме конгресс барысында — Grand Hall қонақүйінің павильондарында және ашық шатыр астында үш күн бойы жұмыс істейді.

Конгрестің бірінші күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: шақырулар мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Сонымен қатар, балалардың психикалық әл-ауқаты мәселесінен бастап ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға дейінгі 15 негізгі тақырып бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылады. Панельдік сессиялар мен көрмелер 16 және 17 қазанда жалғасады. Осы күндері инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми ұйымдар мен серіктестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.

Арнайы назар Алматы декларациясының жобасын талқылауға беріледі, оның қабылдануы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен инклюзияда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдануға ортақ тәсілдерді қалыптастыруда маңызды қадам болады.

Конгрестің салтанатты жабылуы 17 қазанда өтеді. Конгресс инклюзия мәдениетін дамытуға, білім алуға тең қолжетімділіктің маңыздылығын қоғамға насихаттауға, озық технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мықты серпін береді.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки