Білім жаңалықтары
15.10.2025 | 77
«Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясы талқыланды
«Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясы талқыланды
Алматыда өтіп жатқан Инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) аясында «Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясы талқыланды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл декларация – адами капиталды дамыту, әлеуметтік бірлікті нығайту және заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашу үшін нақты бағдар. Қазақстан тарапынан ұсынылған декларация әр баланың әлеуетін толық ашуға бағытталған. Біз «Білім – баршаға» қағидаты аясында инклюзивті білім беруді қажет ететін тұлғалардың сапалы және тең қолжетімді білім алуын қамтамасыз ететініне сенеміз. Инклюзивті білім беру – біздің құндылықтарымыздың және болашаққа құрылған сеніміміздің айнасы. Ол әділетті, қамқор және баршаға ашық мемлекеттің негізі болып табылады», – деді Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Алматы декларациясында ұлттық үкіметтерге, білім беру ұйымдарына және халықаралық қауымдастыққа арналған ұсыныстар қамтылған. Олардың қатарында:
•білім алмасу және тәжірибе тарату платформаларын құру;
•бірлескен жобаларды дамыту және қолдау;
•дамушы елдерге көмек көрсетуді кеңейту;
•әртүрлі салалар арасындағы серіктестікті нығайту;
•корпоративтік және халықаралық ұйымдарды тарту;
•инклюзивті білім беру бойынша мониторинг пен есеп беру механизмдерін енгізу бар.
Алматы декларациясы қатысушылардың қолдауымен бір ауыздан мақұлданды. Ол Конгресс ұстанымын бейнелейтін құжат ретінде ЮНЕСКО-ға жолданады және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша елдердің саясаттарын қалыптастыруда пайдалану үшін қатысушы мемлекеттер арасында таратылады.
Бұл Қазақстанның инклюзивті білім беруді жаһандық деңгейде ілгерілетуге қосқан маңызды үлесі. Ол халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және әрбір баланың әлеуетін ашуға бағытталған бірегей бастама болып табылады.
-
-
14.10.2025 | 63
Қазақстандық колледжде жасанды интеллект зертханасы ашылады
-
10.10.2025 | 143
Абайлық 13 жастағы оқушы қамшының 15 түрін өреді