Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

15.10.2025 | 23

Дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресі: «Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу»

Дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресі: «Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу»

Дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресі аясында өткен «Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу» тақырыбындағы пленарлық сессияға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрі Рахим Саидзода, Қазақстан Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан, ЮНИСЕФ-тің білім беру мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесшісі Нора Шабани, ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңесінің өкілі Амир Пирич, Босния және Герцеговина Федерациясының Тәрбие және білім беру мәселелері жөніндегі министрлігінің өкілі Мелисса Миздрак, Халықаралық бакалавриат ұйымының бас директоры орынбасары Марко Донди, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Бұған дейін IFIP қауымдастығы Қазақстанның инклюзивті білім беруді дамытудағы жетістіктерін жоғары бағалап, елімізді бұл саладағы әлемдік сарапшылардың негізгі диалог алаңы ретінде таңдаған болатын.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен инклюзивті білім беруді дамыту, әр бала үшін тең және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғанын атап өтті.
2021 жылы «Инклюзивті білім беру мәселелері туралы» заңға енгізілген өзгерістер бұл бағыттағы жұмысты жүйелендірді. 2023 жылы қабылданған екі инклюзивті пакет арқылы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау шаралары нақтыланды. «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы күні кеше ғана Үкімет отырысында мақұлданды.
«Бұл заңның қабылдануы маңызды қадам болмақ. Қазақстанда сапалы біліммен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдауда жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану мүмкіндігі де қарастырылуда», — деді министр.
Сессия барысында қатысушылар тәжірибе алмасудың, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті.
Мектептегі психикалық денсаулықты жақсартуға арналған жасанды интеллект платформасының негізін қалаушы Лаура Тристрам этикалық AI-ді әрбір оқушының даусын естуге көмектесетін құрал ретінде пайдалануды ұсынды. No Isolation компаниясының директоры Мортен Йоргенсен қазіргі уақытта денсаулығына байланысты мектепке бара алмайтын балаларға арналған телеқатысу роботын білім беру ұйымдарына енгізу тәжірибесімен бөлісті. Бұл шешім оқушыларға оқу үдерісінен қол үзбей, сыныптастарымен байланыста болуға мүмкіндік береді деді ол. Инклюзивті білім саласындағы әлеуметтік кәсіпкер Томас Кини мұндай бастамалардың қоғамның мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдай бастағанын айғақтайтынын және білім арқылы олардың өмірін жеңілдету мүмкін болатынын айтты.
Дүниежүзілік конгресс инклюзивті білім беру саласында жаңа идеялар мен тиімді шешімдер ұсынуға, сондай-ақ жаһандық серіктестікті нығайтуға зор серпін берді.
Қазақстан инклюзивті білім берудің дамуына белсенді үлес қосып қана қоймай, әлемдік тәжірибе мен идеялар тоғысатын маңызды платформаға айналды.
Естеріңізге сала кетейік, конгресс ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры және International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) тарапынан ұйымдастырылды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки