Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

24.10.2025 | 35

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапары: Шағын жинақты мектептерді білім сапасын арттыру бойынша нақты шешім қабылданады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапары: Шағын жинақты мектептерді білім сапасын арттыру бойынша нақты шешім қабылданады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Министр сапар барысында өңірдің білім беру ұйымдарының инфрақұрылымына, білім сапасына, оқу процесінің ұйымдастырылуына және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берді.

Министр Жұлдыз Сүлейменова облыс әкімі Марат Ахметжановпен бірге облыс орталығының шеткі ауданында биылғы жылы апатты мектептің орнына бой көтерген №10 мектептің техникалық ашылуына қатысты. Өңір басшысының айтуынша, бір ауысымда білім беретін 500 орындық білім ордасы «Қазцинк» ЖШС-нің инвестициясы есебінен салынған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында білім беру ұйымдарын инфрақұрылымдық жаңғырту, балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, педагогикалық әлеуетті арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде елді мекендерде де заманауи стандарттарға сай мектептер салынып, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Бұған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы серпін берді деп ойлаймын. Мұның барлығы білім жүйесінің зияткер ұрпақ қалыптастыруда дұрыс бағытта сенімді дамып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтті министр.

Елімізде инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуға назар аударған министр «Аяла» арнайы балабақшасындағы ерекше білім мен тәрбиені қажет ететін балаларды дамыту мен қоғамға бейімдеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған техникалық лицейде болып, балалардың қауіпсіздігі үшін жасанды интеллектті енгізудегі жаңашылдықтарына жоғары баға берді. Бір ауысымда 1500-ден астам оқушы білім алатын заманауи мектеп «ақылды» бейнебақылау жүйесімен жабдықталған: мұнда 170 интеллектуалды камера орнатылған, олар тек болып жатқан жағдайды тіркеп қана қоймай, оқушылар мен педагогтердің эмоцияларын да тануға қабілетті. Айта кету керек, өңірде 9 «Келешек мектебі» балаларға білім беруде, оның ішінде 7 мектеп ауылдарда орналасқан.

Сондай-ақ «Білім-инновация» лицейін аралап, білім алушылардың техникалық, ғылыми бағыттардағы жобаларымен танысты.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңа құзыреттіліктер мен мамандықтарды дамытуға басымдық берген Көкшетау жоғары техникалық колледжіндегі оқу-өндірістік процесінің ұйымдастырылуымен танысты. Мұнда 2379 студенттің 2105-і бүгінде мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алумен қамтылған. Колледж студенттері министрге роботтандырылған дәнекерлеу, дрон құрастыру, электромобильдерді диагностикалау және жөндеу, көлік құрастыру бойынша өз шеберліктерін көрсетті.

Сонымен қатар, министр өңірдің аудандары мен ауылдарындағы білім беру ұйымдарының тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін Зеренді ауданына арнайы барды. Мұнда Мемлекет басшысының тапсырмасымен реновациядан өткен №1 орта мектебін және 163 баланы баланы қосымша біліммен қамтып отырған аудандық Өнер мектебін аралады.

Ақмола облысы шағын жинақты мектептер көп шоғырланған өңірлердің бірі. Мұнда 332 шағын мектепте 21 мыңнан астам бала білім алуда. Министр өңірге сапары кезінде Зеренді ауылының Кіші Түкті негізгі орта мектебінде болып, білім сапасымен, оқу процесінің ұйымдастырылуымен танысты.

Аталған мектепте бүгінде 50-ге жуық бала екі ауысымда білім алуда, 21 қызметкер, оның ішінде 13 педагог жұмыс жасайды. Министр пән педагогтерінің жетіспеушілігі, сыныптарда бала санының аздығына байланысты, сыныптарды біріктіріп оқыту тәжірибесінің кең қолданылуы барлық шағын жинақты мектептер үшін ортақ мәселе екенін, бұл бағытта министрлік тарапынан зерделенген шешім қабылданатынын айтты.

Министр өңірлік білім басқармасы мен аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшыларына білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тапсырмалар жүктеді.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки