Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

24.10.2025 | 60

Білім саласындағы шешімдер қоғамның сұранысы мен ұстаздар пікіріне сүйеніп қабылдануы тиіс - Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Білім саласындағы шешімдер қоғамның сұранысы мен ұстаздар пікіріне сүйеніп қабылдануы тиіс - Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірдің педагогикалық қауымымен, білім беру ұйымдарының басшыларымен және сала ардагерлерімен кездесті. Сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Кездесу барысында министр Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан білім беру саласындағы реформалардың нәтижелері мен алдағы даму басымдықтарына тоқталды.

«Оқу-ағарту министрі ретінде, халықпен кездесуімді Арқадағы киелі Ақмола облысынан бастап отырмын. Бұл кездесу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Халықпен ашық әрі сындарлы диалог орнату – мемлекет саясатының өзегі, ал білім саласындағы әрбір шешім қоғамның сұранысы мен ұстаздар қауымының пікіріне сүйенуі тиіс», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр баяндамасында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздік мәдениетін дамыту, білім беру сапасын арттыру және педагог құқықтарын қорғау мен мәртебесін күшейту бағыттарындағы жұмыстарды атап өтті.
Биыл елімізде 362 жаңа мектеп ашылып, 530 мың оқушы орны қамтамасыз етілді. Ақмола облысында 5 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы арқылы ауылдық мектептердің сапасын арттыру жұмысы жалғасуда.

Педагогтердің кәсіби дамуы да ерекше назарда. «Ұстаз» ұлттық үздіксіз даму платформасы арқылы мұғалімдердің 74,5%-ы жаңа жүйе бойынша біліктілік санатын алды. Ал жас мамандар үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында көшбасшылық тағылымдамалар ұйымдастырылуда.

Министр цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы бастамаларды да атап өтті. «Qazaq Digital Mektebi», «AI-Kitap» және «AI-Ustaz» жобалары аясында мұғалімдер жаңа технологияларды тиімді қолдану жолдарын меңгереді.

«Біздің басты мақсатымыз – әр баланың әлеуетін ашуға, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беретін әділ, қолжетімді және сапалы білім жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысының қолдауы мен қоғамның сенімі – осы жұмыстың басты қозғаушы күші», – деп атап өтті министр.
Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйымдарында балалар арасында құқықбұзушылықтар мен зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидатының іске асырылуына басымдық берді.

Сонымен бірге ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау жүйесін енгізу және инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жұмыстардың жетілдірілетінін атап өтті.

Педагогтер тарапынан арнайы білім беру ұйымдарын мамандармен қамту, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамыту, мұғалімдерді аттестациядан өткізу, біліктілік санаттарын беруге қатысты сауалдар қойылды. Министр барлығына тұшымды жауап беріп, зерделеуді қажет ететін кейбір мәселелерді жеке бақылауына алатынын айтты.

Жұлдыз Сүлейменова өңірдің білім ұйымдарының басшыларына оқу сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауды, әдістемелік жұмысты күшейтуді және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды тапсырды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки