Білім жаңалықтары
17.11.2025 | 47
1,1 миллионнан астам ата-ана педагогикалық қолдау көрсету орталықтарының көмегіне жүгінді

1,1 миллионнан астам ата-ана педагогикалық қолдау көрсету орталықтарының көмегіне жүгінді
Қазақстанда ата-аналарға педагогикалық қолдау орталықтарының 3.0 бағдарламасы жалғасуда. Бағдарламаның мақсаты – саналы ата-ана болу дағдыларын дамыту және мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайту. Оқу жылы басталғалы бері педагогикалық қолдау орталықтары 33 мыңнан астам сабақ өткізіп, оған 1,1 миллионнан астам ата-ананы тартты.
«Ата-ана бала өмірінің бір бөлігіне айналғанда, бала қолдау мен сенімділікті сезінеді. Осындай сенімді қарым-қатынастан эмоционалды жағынан тұрақты, бақытты бала және үйлесімді отбасы қалыптасады», – деп атап өтті «Өркен» КеАҚ президенті Елена Сакенова.
Ата- аналарға арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психологтар дәріс береді. Қазақстандық шаңырақтар арасында ең көп сұранысқа ие тақырыптар – «Тәрбиелеу – жеке үлгі арқылы» және «Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің қамқорлығы». Бұл сабақтарда ата-аналар сенімді нығайту, баламен эмоционалды байланыс орнату және тәуекелдердің алдын алу бойынша пайдалы кеңестер алады.
Сауалнама нәтижелері ата-аналардың балаларымен қарым- қатынасының жақсарғанын көрсетіп отыр. Зерттеу сұрақтарына жауап берген ата- аналардың 72,6% балаларымен күнде сөйлесе бастағанын, 89,6% қиындықтарға дер кезінде жауап беріп үйренгенін, 78% баланың ортасын жақсы тани бастағанын алға тартып отыр. Әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілін қайта қарауға дайын, ал шамамен үштен бірі балалардың оқу және мәдени дамуына белсенді қатыса бастағанын айтады.
Ата-аналарға педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылы «Адал Азамат» бағдарламасы аясында елдегі барлық мектептерде іске қосылды. Орталық ата-аналарды қолдау мақсатында баланы тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған практикалық құралдарды ұсынады.

