Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

05.12.2025 | 23

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау тетіктері күшейтілді

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау тетіктері күшейтілді

Елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң негізінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер қабылданды.

Бұған дейін 2024 жылы балалардың құқықтарын қорғау саласында алты маңызды заң қабылданып, балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге, балалар саудасының алдын алуға бағытталған құқықтық тетіктерді заңнамалық деңгейде бекітті. Жаңа заңнның қабылдануы балаларды құқықтық қорғауды қамтамасыз ету шараларының жүйелі жалғасы болды.

Енді жетім және ата-анысының қарауынсыз қалған балаларды асырап алу немесе қамқоршылыққа беру кезінде олардың туған-туыстарына басымдық беріледі. Егер жақын туыстары табылмаса, бала заңды некеде тұрған отбасына орналастырылады. Сонымен бірге бала асыраушы отбасында болған кезеңде оның заңды өкілінің сотқа тартылуы немесе психоневрологиялық немесе наркологиялық диспансерде есепке алынуы қамқоршылық міндетінен дереу шеттетуге негіз болады. Бұл норма баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар үстінен қылмыстық қудалау жүргізіліп жатқан азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршылық жасауға немесе патронаттық тәрбиеге қатысуға тыйым салынады.

Бұдан бөлек, қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер және асырап алушылар енді жыл сайын денсаулығы, табыс көзі, тұрмыстық жағдайы және соттылығының жоқ екені туралы мәліметтерді тапсырып, өздерінің сенімділігін растауы тиіс.

Жаңа нормалар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау жүйесін күшейтіп, оларды отбасында тәрбиелеу жағдайларын тұрақты бақылаудың тиімділігін арттыруға, ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки