Білім жаңалықтары
18.12.2025 | 65
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау жүйесіндегі басты өзгерістер: талаптарды қатаңдатудан бастап қамқоршылық қызметін нығайтуға дейін

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау жүйесіндегі басты өзгерістер: талаптарды қатаңдатудан бастап қамқоршылық қызметін нығайтуға дейін
Ағымдағы жылы елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар кешенді шешімдер қабылданды. Балалардың мүддесін қорғауға бағытталған түбегейлі өзгерістердің қатарында – Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңның қабылдануын атап өтуге болады. Аталған заң 2026 жылғы 4 ақпанда өз күшіне енеді.
Жаңа заң нормаларына сәйкес, егер бала тәрбиесі барысында қамқоршы, қорғаншы немесе асырап алған ата-анаға қатысты соттылық анықталса, не олар психикалық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болса, мұндай тұлғалар бала тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады. Сондай-ақ, үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады. Бұл шектеулер балаларды қауіп-қатерден қорғап, қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді.
Бұдан бөлек, заңнамаға алғаш рет қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер мен асырап алған ата-аналар тарапынан жыл сайын сенімділікті растау міндеті енгізілді. Олар денсаулығы, тұрғылықты мекенжайы, соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді тұрақты түрде ұсынуы қажет. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша баланы алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда — ерлі-зайыпты отбасыларға беру тәртібі заңмен нақты бекітілді.
«Жетім балалардың құқықтарын қорғау – үнемі жүйелі назарды талап ететін маңызды сала. Биыл қабылданған шаралар қолданыстағы тетіктерді нығайтып, қамқоршылық органдарының жұмысын баланың мүддесі мен қауіпсіздігін басшылыққа ала отырып ұйымдастыруға жол ашты», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Биыл жүзеге асырылған маңызды жаңалықтардың тағы бірі — кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл – баланың тұрақты тұратын жері анықталғанға дейін оны қауіпсіз әрі отбасылық ортада уақытша тәрбиелеуге арналған жаңа модель. Тәлімгерлік жүйесі де белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам азамат жетім балаларға тәлімгер болып отыр.
2025 жылдан бастап балаларды мемлекеттік мекемеге жолдау тәртібі қайта қаралды. Енді бала анықталған жағдайда, ең алдымен үш күнге дейін медициналық ұйымға жіберіліп, оның денсаулығы мен қажеттіліктері нақты анықталуы тиіс.
Сондай-ақ, алғаш рет қамқоршылық органдары үшін нақты штат саны бекітілді: әр 5 мың балаға кемінде бір маманнан келуі тиіс. Бұл жаңашылдық мамандар санын 3,3 есеге – 303-тен 1028-ге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Өңірлерде қамқоршылық саласын басқарудың жаңа құрылымдары құрылуда. Мәселен, Ақтөбе облысы мен Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта осындай бөлімшелер Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында ашылмақ.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 82%–ы отбасылық ортада тәрбиеленуде.
-
-
15.12.2025 | 114
Балалар үйінің жас таланттары үлкен сахнада өнер көрсетті

