Білім жаңалықтары
22.12.2025 | 11
Жыл басынан бері 2,7 млн бала мен ата-ана қолдау шараларымен қамтылды

Жыл басынан бері 2,7 млн бала мен ата-ана қолдау шараларымен қамтылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы елімізде балаларға қатысты құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді. Басты назар тәуекелдерді ерте анықтауға және заңға қайшы іс-әрекеттердің алдын алуға бағытталды. Жыл басынан бері балалардың құқықтарын қорғау жүйесі оқыту, кеңес беру және психологиялық қолдауды қамтитын профилактикалық бағдарламалар арқылы 2,7 миллион бала, ата-ана және педагогті қамтыды.
Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың төмендеуі тіркелді: қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2,3%-ға, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 17,9%-ға азайды.
Профилактикалық жұмыс балаларды, отбасыларды және педагогикалық қауымдастықты қамтып, көмек көрсету қолжетімділігі қағидатына негізделеді. Оқу жылының басынан бері барлық балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Жеке қауіпсіздік» тақырыбында 1,4 млн-нан астам сабақ өткізілді. Психологиялық қолдау орталықтары 35 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті, ал «111» байланыс орталығы арқылы шамамен 120 мың бала қолдау алды.
Білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейді: 33 мыңнан астам сабақ өткізілді, ал 1,1 миллионнан астам ата-анаға консультациялық көмек көрсетілді. Бұл ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, отбасы институтын нығайтуға ықпал етуде.
Мектептегі буллингтің алдын алуға да ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» ауқымды антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
«Профилактика тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға және балаларға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және жедел әрекет ету – балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі міндеттері», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Буллинг пен зорлық-зомбылықты ерте анықтаудың бірыңғай алгоритмін енгізу ведомствоаралық жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған балаға уақытылы көмек көрсетуге жағдай жасады. 2025 жылы зорлық-зомбылықтың, буллингтің және девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша 17 мыңнан астам педагог оқытудан өтті. Бұл білім беру жүйесінде профилактикалық жұмыстың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етті.
2023 жылдан бастап елде алғаш рет буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 2025 жылдың басынан бері 404 әкімшілік іс тіркеліп, оның 238-і бойынша айыппұл салынды. Бұл жазаның бұлтартпастығы қағидатын күшейтіп, білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттырды.
Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» жобасы аясында 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы облысының Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде құқықтық тәрбиелеу және құқыққа қарсы мінез-құлықтың алдын алу бойынша сабақтар енгізілді.
Осылайша, профилактикалық шаралар, антибуллингтік бағдарламалар, жауапкершілікті күшейту, «Заң және тәртіп» жобасын іске асыру – балалардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай жүйесінің өзара байланысты элементтері ретінде құрылуда. Бұл жұмысты одан әрі дамыту «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасында, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және балалар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасында көзделген.
-
-
15.12.2025 | 154
Балалар үйінің жас таланттары үлкен сахнада өнер көрсетті

