Білім жаңалықтары
23.12.2025 | 41
Халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші қазақстандық оқушы жоғары нәтиже көрсетті

Халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші қазақстандық оқушы жоғары нәтиже көрсетті
2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық 1657 оқушы 36 халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысып, 922 медаль жеңіп алды. Қатысушылардың 60 пайызы жүлделі орын иеленіп, әрбір екінші оқушы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралды. Жалпы нәтиже бойынша 177 алтын, 329 күміс және 416 қола медаль биылғы жылдың жеңіс қоржынын толықтырды.
Сондай-ақ биыл қазақстандық оқушылар жеті беделді халықаралық олимпиадада 27 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 4 алтын, 13 күміс және 10 қола медаль бар. Осы жетістіктері үшін оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік сыйақы берілді.
Айта кетерлік жайт, енді халықаралық ғылыми байқауларда оза шапқан оқушылар мен олардың жетекшілеріне де бір реттік сыйақы тағайындалады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы арнайы заң нормасына қол қойды. Осылайша, дарынды оқушыларды қолдау тетіктері жүйелі түрде кеңейтілуде.
2025 жыл отандық білім беру тарихында бірқатар айрықша халықаралық жеңістермен ерекшеленді. Қазақстандық оқушылар FIRST Global Challenge робототехникадан әлемдік чемпионатта төрт дүркін жеңімпаз атанып, халықаралық география олимпиадасында командалық есепте екінші орынға ие болды. Сондай-ақ физикадан халықаралық ғылыми олимпиадасында абсолютті чемпион атанып, химиядан үш мәрте алтын медаль иеленді. Балқан математикалық олимпиадасында қазақстандық құрама үшінші жыл қатарынан үздік үштіктен көрінді.
Жеке жетістіктер де айрықша атап өтуге лайық. Астаналық оқушы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «Үздік қыз қатысушы» атағын иеленді. Маңғыстау облысының оқушысы Рамазан Бутантаев «Азия–Тынық мұхиты өңірінің үздік лингвисі» деп танылды. Шығыс Қазақстан облысының оқушысы Алдияр Амангелді «Орталық Азияның үздік информатигі» атанды. Маңғыстау облысының тағы бір өкілі Мендіғали Қалдыбай 40 елден келген қатысушыларды басып озып, химия пәні бойынша зертханалық жұмыстарда ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Үздік практик» атағына ие болды. Астаналық Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мұхтархан Батырхан экономика пәні бойынша халықаралық олимпиадада абсолютті жеңімпаз атанды.
-
-
23.12.2025 | 40
Сапалы білім қоғамды алға жетелейді
-
22.12.2025 | 85
Қазақстандық оқушылар қысқы демалыста 10 күн демалады

