Білім жаңалықтары
24.12.2025 | 32
Бүгін еліміздің әр өңірінен жиналған жүз бала Президенттік шыршаға қатысты.

Бүгін еліміздің әр өңірінен жиналған жүз бала Президенттік шыршаға қатысты.
Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға арналған жаңа жылдық кеш өтті. Президенттік шырша «Жаңа жыл республика төрінде» деп аталды. Балаларға арналған мерекеге еліміздің барлық өңірлерінен жүз мектеп оқушысы қатысып, естен кетпес жаңа жылдық кештің куәсі болды. Президенттің балаларға арнаған сыйлықтарын оқушыларға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыс етті.
Президент шыршасына қатысып жатқан оқушылар 9-13 жас аралығында. Биыл Мемлекет басшысының ерекше құрметіне ие болған оқушылардың жартысынан көбі ауыл балалары. Шараға қатысқан 30 бала көпбалалы отбасылардан шыққан. Балалардың үштен бірі асыраушысынан айрылған. Мерекелік кешті тамашалаған оқушылардың арасында әлеуметтік осал санатқа жататын және толық емес отбасылардың балалары да бар.
Президент орталығында өткен салтанат кезінде балаларды жасанды интеллект көмегімен әзірленген Аяз ата мен Ақша қар қарсы алды. Жаңа жылдық кеште балалар Мақта қызбен бірге ертегілер әлеміне саяхат құрып, түрлі жарқын эмоцияларды бастарынан өткізді. Теке, қошқар, Алладин мен Жасмин секілді ертегі кейіпкерлерімен жүздесті. Мерекелік кештің мазмұны балаларды батыл болуға, ашуды ақылға жеңдіруге, бірлік пен достықты бағалауға, өзгелерді құрметтеуге арналды.
Балаларға Президент сыйлығын табыс еткен ҚР Оқу- ағарту министр Жұлдыз Сүлейменова: «Бүгін сіздер кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен Республика төріндегі Президент шыршасына келдіңіздер. Президентіміз сіздерді осындай ғажайып мерекелік шараға қонаққа шақырды. Өздеріңізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Осы залда отырған 100 баланың әрқайсысы білімде, спортта, шығармашылықта табысқа жеткен талантты өрендер. Біз сіздерге үлкен үміт артамыз. Болашақта білім алып, лайықты мамандық таңдап, елімізге адал қызмет етеді деп сенеміз»,-деді.
Естеріңізге сала кетсек, Президент шыршасына қатысу үшін Елордаға келген балалар қаланы екі күн аралады. Балалар елордадағы ұлттық музейде болып, еліміздің тарихи мұраларымен танысты. Сондай-ақ, Астана-Бәйтерек монументінде, «Ailand» океанариумында болды. Шара барысында оқушыларға арналған түрлі конкурстар ұйымдастырылды, оның жеңімпаздары мерекелік кеш кезінде марапатталды.
-
-
24.12.2025 | 24
Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды
-
23.12.2025 | 72
Сапалы білім қоғамды алға жетелейді
-
22.12.2025 | 113
Қазақстандық оқушылар қысқы демалыста 10 күн демалады

