Білім жаңалықтары
29.12.2025 | 18
Оқу-ағарту министрі азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады

Оқу-ағарту министрі азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова азаматтарды қабылдады. Сала министрімен кездесуге өңірлерден мектеп мұғалімдері, білім саласының ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен кәсіподақ өкілдері келген.
Ағарту саласының ардагерлері мен белсенді ұстаздарды орта білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер толғандырады. Барлық тараптарды біріктірген ортақ тақырыптар – мектептердегі білім сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, мұғалімдердің мүдделерін қорғау және мектеп менеджерлерінің кәсіби деңгейін көтеру жайы болды.
Жиынға қатысқан қоғамдық ұйым белсенділері кейбір өңірлердегі мектеп директорларының шешімдеріне қатысты шағымдарын жеткізді. Министр қабылдауына келгендердің арасында мектептен шеттетілген ұстаздар да болды. Саладағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тәжірибелі ұстаздар елімізде үміткерлерді мектеп директоры лауазымына іріктеу жүйесін жетілдіру, мектеп директоры қызметіне ұстаздық тәжірибесі жоқ азаматтардың тағайындалуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, мұғалімдерге басшылық тарапынан көрсетілетін қысымды азайту жайын да көтерді.
Сала белсенділері педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін әлі де жақсарта түсуді ұсынды. Оның ішінде, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері дефектологтар мен логопедтердің еңбекақысын көтеру мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде колледждерге біліктілігі жоғары маман тұрақтамай жатыр. Сондықтан кәсіподақтар еңбекақыны көтеру қажеттігін қарастыруды сұрады. Білім саласындағы кәсіподақтардың беделін арттыру және олардың тиімділігін күшейту мәселелері де кездесуде талқыланған тақырыптардың бірі.
Кездесуде мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту, олардың мазмұнын жаңарту бойынша ұсыныстар берілді. Өңірлерден келген ұстаздар марапаттау жүйесінің әділеттілігін қамтамасыз ету қажеттігін де алға тартты. Кейбір шағымданушылар ұстаздарға марапаттардың негізсіз және лайықсыз берілетініне өкпелі.
Сала министрі бірқатар өзекті тақырыптар бойынша жүйелі шешімдер қабылданып жатқанын алға тартты және кездесуге келген әр азаматтың мәселесі бақылауда болатынын жеткізді.
-
-
29.12.2025 | 19
Оқу-ағарту министрі азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады
-
26.12.2025 | 119
2025 жылы республикалық кадр резервіне 403 жаңа басқарушы енді
-
24.12.2025 | 126
Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

