Білім жаңалықтары
29.12.2025 | 18
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарап, министрлікте бұған дейін бекіген бұйрықтарды қайта зерделейтін болды

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарап, министрлікте бұған дейін бекіген бұйрықтарды қайта зерделейтін болды
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен саладағы құқықтық актілерге талдау жүргізетін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер кірді. Бұған дейін сала министрінің қабылдауында болған ұстаздар ведомство бекіткен кейбір бұйрықтардың өзара сәйкессіздігі туралы реніштерін жеткізген болатын. Жаңадан жасақталған жұмыс тобы осы кезге дейін қабылданған нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан бір-біріне қарама-қайшы келмеуіне талдау жасайды.
Министрлік өкілдері педагогтік қауымдастықпен бірлесе отырып, нормативтік құқықтық базаны кешенді түрде зерделеп заман талабына бейімдейді. Құжаттарды талдау кезінде цифраландыру талаптары барынша ескеріледі. Құжаттардың көпшілігінің ашық әрі жариялы болуына басымдық беріледі. Педагогтер мен білім беру ұйымдары үшін түсініксіз немесе артық әкімшілік жүктеме тудыратын талаптар оңтайландырылады.
«Жұмыс тобын құрудағы басты мақсат- педагогтік қауымдастықпен кері байланысты күшейту, ұсыныстарды ашық және жариялы түрде талқылау. Жұмыс тобы жүргізген талдау нәтижелері бойынша министрлік нақты ұсыныстар пакетін әзірлейді. Біз он негізгі бағыт бойынша жұмыс жасап, барлық нормативтік құқықтық актілерге талдау жасаймыз. Талдау қорытындылары бойынша ұсыныстарыңыз алдағы жылдың ақпан айында әрбір бағыт бойынша бөлек талқыланатын болады»,-деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Жиында жұмыс тобындағы белсенділер педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидаларын да қайта қарау мәселесін көтерді. Бұған дейін министрлікке келіп түскен ұсыныстардың дені аттестаттаудан өту кезінде педагогтерден авторлық бағдарламаларды әзірлеу туралы талапты алып тастау жөнінде болатын.
Бүгінде «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі- республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Сараптамалық кеңес мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы педагогтердің авторлық бағдарламаларына республикалық деңгейде сараптама жүргізеді.
2025 жылы Республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған. Оның ішінде 303 авторлық бағдарлама мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілді. Ұсынылған авторлық бағдарламаларды талдау нәтижелері әрбір екінші жұмысты толықтыру керектігін көрсетіп отыр.
Сала министрі авторлық бағдарламалардың көбі мазмұндық және техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін және мұндай құжаттың талап етілуі педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға және формализмнің күшеюіне алып келгенін алға тартты. Мақұлданған авторлық бағдарламалардың тізімі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланғанымен, бағдарламалар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайды.
«Аттестация кезінде педагогтерге қойылатын талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуды, педагогтердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға және кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс. Осы орайда сіздердің тараптарыңыздан нақты ұсыныстар күтеміз», -деді Жұлдыз Сүлейменова жұмыс тобының мүшелеріне.
Алдағы уақытта «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеуді алып тастап, оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін нақты әрі әділ бағалауға мүмкіндік беретін, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға ықпал ететін баламалы инструменттер енгізілетін болады.
-
-
29.12.2025 | 19
Оқу-ағарту министрі азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады
-
26.12.2025 | 119
2025 жылы республикалық кадр резервіне 403 жаңа басқарушы енді
-
24.12.2025 | 126
Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

