Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

06.01.2026 | 80

Келешек мектептерінің басшылары мен ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету басталды

Келешек мектептерінің басшылары мен ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Келешек мектептерін басқару моделі ретінде айқындалды. Аталған жұмыс аясында қаңтар айының 5-8 аралығында еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері базасында ұстаздарға арналған біліктілікті арттыру курстары мен мастер кластар ұйымдастырылуда. Бұл курстарда физика, химия, биология, информатика, жасанды интеллект, мектеп зертханасын пайдалану дағдылары, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие беру әдіс- тәсілдері оқытылады.

Еліміздің 20 өңірінде өтіп жатқан семинарлар «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» және «Тәрбие экожүйесі: практикалық шешімдер» тақырыптарына арналған. Оған 170 Келешек мектебінен мектеп директоры мен олардың орынбасары және физика, химия, биология, информатика пәндері, STEAM және робототехника кабинеттерінің 1700-ге жуық педагогі қатысып жатыр. Аталған жұмыстардың бәрі де «Келешек мектептерін» тек жаңа ғимарат ретінде емес, мазмұны терең, сапалы білім беру экожүйесі ретінде қалыптастыруға бағытталған.

Естеріңізге сала кетсек, елімізде мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 460 мың оқушыны қамтитын 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылда ашылды. Бүгінгі таңда мектептердің 170-інде оқу процесі басталды. Бұл инновациялық білім орындарының бұрынғы типтік мектептерден көлемі 15–20%-ға үлкен, техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Барлық келешек мектептері физика, химия, биология, еңбекке баулу, музыка, хореография залы, STEM-зертханалары мен робототехника кабинеттері, коворкинг және спорт залдарымен жабдықталған.

Бүгінде негізгі мақсат оқушылардың тұрғылықты жеріне, отбасы жағдайына қарамастан сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасау. Болашақта «Келешек мектептерінің» стандарттары, әдістемесі, басқару жүйесі еліміздің барлық мектептерінің дамуына негіз болады.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки