Білім жаңалықтары
27.01.2026 | 48
Елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді – балалық шақ саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық құжаты

Елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді – балалық шақ саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық құжаты
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі. Балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық тәсілі қалыптастырылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұрады, бұл ел халқының 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артты. Бұл демографиялық өзгерістер балалық шақ саласында ұзақ мерзімді, кешенді және өлшенетін шешімдер қабылдауды талап етеді.
Аталған құжат елдегі әрбір баланы қамтиды және 2030 жылға дейінгі кезеңде негізгі мемлекеттік шараларды бірыңғай басқарылатын жүйеге біріктіреді. Ол баланың қауіпсіздікке, білімге, денсаулыққа, отбасына және әлеуметтік қорғауға деген базалық құқықтары негізінде құрылып, ведомствоаралық жауапкершілік пен бүкіл ел бойынша бірыңғай тәсілдерге сүйенетін балалық шақты қорғаудың жаңа архитектурасын қалыптастырады.
Құжатты іске асыру 158 іс-шара мен 10 негізгі индикаторды қамтитын жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл бақылауды, ашықтықты және нақты нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасында балалардың құқықтарын қорғау саласында жаңа жүйелі тәсілдерге көшу көзделген. Алғаш рет баланың өмірлік жолын цифрлық сүйемелдеу тетігі енгізіліп, онлайн қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, инклюзивті орта мен өңірлердегі қолжетімді балалар инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Сондай-ақ медициналық және оңалту ұйымдарының желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдері қайта қаралып, оның атаулылығы мен тиімділігіне баса назар аударылады, оның ішінде балалар үшін тегін жол жүруді кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған. Балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу тетіктері де айтарлықтай жаңғыртылып, бірыңғай стандарттар, кейс-менеджмент жүйесі енгізіледі, психологиялық көмектің рөлі күшейтіледі және баланы жеке сүйемелдеу тетіктері, оның ішінде қылмыстық процесс барысында да, қамтамасыз етіледі.
«Қазақстан балалары» бастамасын іске асыру әрбір бала үшін қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз етуге, құқықтарды қорғауға және дамудың тең мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған орнықты мемлекеттік жүйені қалыптастыруға бағытталған.
-
-
27.01.2026 | 31
Үкіметте «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы таныстырылды
-
24.01.2026 | 416
Жасанды интеллект: «Келешек мектептері» тәжірибесі

