Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

27.02.2026 | 33

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында іргелі реформалар

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында іргелі реформалар

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен техникалық және кәсіптік білім беру саласында жүзеге асып жатқан іргелі реформалар талқыланды.

Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жоғары технологиялық экономиканы дамытудың шешуші құралына айналды. Жаһандық трендтерге сәйкес, оқыту үдерісіне автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект сияқты цифрлық дағдылар терең интеграциялануда. Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледждерге мемлекеттік тапсырыс 145 мыңға жетіп, оның 70%-ы техникалық бағыттарға басымдық берді. WorldSkills талаптарын ескеретін 11 мыңнан астам жаңа білім беру бағдарламасы әзірленіп, заңнамалық деңгейде IT мамандықтары бойынша онлайн-оқыту нормалары енгізілді.

Елімізде дуальды оқыту жүйесі қарқынды дамып, оған 11 мыңнан астам кәсіпорын мен 138 мың студент тартылды. Қазіргі таңда 43 мыңға жуық студент кәсіпорындардың нысаналы тапсырысымен білім алуда, бұл түлектердің тікелей жұмысқа орналасуына кепілдік береді. Сондай-ақ, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жатақханалардағы орын тапшылығы бір жылда екі есеге қысқарып, 187 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай нығайтылды.

Халықаралық ынтымақтастық саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. 11 оқу орны халықаралық аккредитациядан өтіп, 700-ге жуық педагог пен студент шетелде тағылымдамадан өтті. Биыл Қазақстанда алғаш рет 7 елдің қатысуымен өткен TurkicSkills–2025 чемпионаты ұлттық тәжірибемізді әлемдік аренада паш етудің маңызды қадамы болды.

Министрлік алдағы уақытта классикалық білім беруден икемді модульдік және тәжірибеге негізделген траекторияларға көшуді жоспарлап отыр. ОЭСР елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, ұзақ академиялық бағдарламаларды қысқа мерзімді курстармен және нақты құзыреттерді меңгеруге бағытталған тағылымдамалармен ұштастыруға басымдық беріледі. Бұл тәсіл еңбек нарығының жылдам өзгермелі талаптарға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп пен колледждер арасындағы байланысты нығайту үшін металлургия, құрылыс және IT компанияларымен бірлескен нақты жобалар мен дуалды оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, колледж студенттерінің білімін университет бағдарламаларына интеграциялау мәселесі зерделенуде. Алдағы 5-7 жылда колледждердің модульдік бағдарламаларын жоғары білім жүйесімен ұштастыру мамандар даярлаудың сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Болашаққа жасалған стратегиялық мақсат -колледж бағдарламаларын толық цифрландыру және виртуалды зертханалар арқылы халықаралық стандарттарды енгізу. Болжам бойынша, 5 жылдан кейін білім беру бағдарламаларының кемінде 60% цифрлық форматқа көшіп, студенттердің мобильділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осылайша, модульдік оқыту, цифрландыру және өндіріспен тығыз байланыс орнату кәсіптік білім беру саласының негізгі басымдықтары болып қала береді.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки