Білім жаңалықтары
13.03.2026 | 38
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Назарбаев Университетінде білім беруді трансформациялаудың стратегиялық басымдықтарын таныстырды

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Назарбаев Университетінде білім беруді трансформациялаудың стратегиялық басымдықтарын таныстырды
Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру жүйесін трансформациялау» тақырыбында ашық дәріс өтті. Дәріс аясында жоғары оқу орнының жас ғалымдары орта білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен заманауи білім беру үрдістері төңірегінде министрмен еркін пікірталас өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Министр ең алдымен Конституциялық реформалардың білім беру саласын жаңғыртудағы іргелі рөліне тоқталды. Атап айтқанда, Ата Заңның 33-бабына сәйкес, бастауыш және орта білімнің міндеттілігін заңдық деңгейде бекіту - мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығы мен болашақ дамуының басты кепілі. «Бастауыш білімнің дербес мәртебеге ие болуы - әр баланың адами капиталы мен сауаттылығы үшін мемлекет тарапынан берілген тікелей кепілдік әрі тарихи жауапкершілік. Бұл - ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың негізі», - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Сала министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының мәніне тоқталды. Бұл - балалар құқығын қорғау тетіктерін біртұтас жүйеге келтірген бірегей стратегиялық құжат. Осы бастама арқылы Қазақстан балалардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мақсатты ұлттық стратегиясы бар әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына берік орнықты.
Жұлдыз Сүлейменова инфрақұрылымдық даму бағытында «Келешек мектептері» ұлттық жобасының көрсеткіштеріне де екпін салды. Қазіргі таңда ел аумағында халықаралық стандарттарға сай келетін 217 жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың техникалық әлеуеті бұрынғы үлгілерден төрт есе , ал аумағы 15-20%-ға артық. Реновация мен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен жаңартылған мектептер - қала мен ауыл арасындағы білім сапасының теңсіздігін жоюдың пәрменді құралына айналды.
Педагогтардың әлеуметтік капиталын дамыту мәселесі баяндаманың маңызды бөлігін құрады. TALIS 2024 халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша Қазақстан мұғалімдердің еңбек жағдайы жағынан әлемдегі жетекші бес елдің қатарына енді. Жүктеменің оңтайландырылуы мен жалақының артуы ұстаз мамандығының беделін жаңа деңгейге көтерді. Министрдің дерегінше, отандық педагогтардың 82%-ы өздерінің қоғамдағы жоғары мәртебесін айқын сезінетінін растаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы білім беру саласындағы технологиялық серпіліске жол ашты. Бүгінгі таңда «Qazaq Digital Mektebi» мен «QazTech» экожүйелері арқылы оқушылардың дербес оқыту траекториясы мен цифрлық портфолиосы қалыптасуда. Биыл «ChatGPT Edu» жобасы аясында 200 000-нан астам мұғалім өздерінің ЖИ-ассистенттерін құру мақсатында біліктіліктерін арттырады. Бұл қадам ұстаздарды қосымша рутиналық жүктемелерден арылтуға көмектеседі. MIT-мен серіктестік аясындағы «Day of AI Qazaqstan» бастамасы мектеп бағдарламаларын ЖИ құзыреттерімен толықтырып, ата-аналардың да цифрлық мәдениетін көтеруді көздейді.
Жаһандық технологиялық трансформация жағдайында Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін цифрландыру, автоматтандыру ісі де қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағытта мемлекеттік тапсырыс көлемі 145 мың орынға жетіп, оның басым бөлігі (70%) технологиялық бағыттарға жоспарланды. Жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіби стандарттар мен WorldSkills талаптарын ескеретін 11 000-нан астам білім беру бағдарламасы әзірленді. Қазіргі уақытта 43 000-ға жуық студент кәсіпорындардың нысаналы мемлекеттік тапсырысы аясында білім алуда, оның 8 000-ға жуығы оқуды сәтті аяқтап, жұмысқа орналасты. Дуальды оқыту жүйесіне 11 000-нан астам кәсіпорын тартылып, ол 138 000 студентті (35%) қамтыды.
Дәріс барысында докторанттар мен магистранттар жасанды интеллект этикасы, мектепке дейінгі білім беру сапасы мен оқулықтарды трансформациялау төңірегінде өткір сауалдар қойып, конструктивті ұсыныстар білдірді. Министр ғылыми қауымдастықты, жас докторанттар мен магистранттарды реформаларды сараптамалық сүйемелдеуге және жаңашыл білім беру модельдерін бірлесе жасауға шақырды.
-
-
12.03.2026 | 87
Қазақстандық оқушылар көктемгі каникулда 11 күн демалады
-
12.03.2026 | 75
Колледж студенттері тәжірибеден өтіп, өз өндірісін ашты
-
10.03.2026 | 124
Грузиядан 7 жастағы Қазақстан азаматы елге қайтарылды
-
06.03.2026 | 136
Қазақстанда педагогтердің 81,9% - әйелдер

