Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

18.03.2026 | 29

Еліміздің барлық мектептерінде «Ұлттық ойындар керуені» республикалық акциясы өтеді

Еліміздің барлық мектептерінде «Ұлттық ойындар керуені» республикалық акциясы өтеді

20 наурыз күні еліміздің барлық мектептерінде Наурыз мерекесіне орай «Ұлттық ойындар керуені» атты республикалық мектеп акциясы ұйымдастырылады. Іс-шараға 1–11 сынып оқушылары, педагогтер және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысады.

Акция ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттауға, оқушылардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында қазақ халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

«Ұлттық ойындар керуені» еліміздің барлық өңірлерінде Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады. Бұл бастама ұлттық дәстүр сабақтастығын дәріптеп, оқушыларды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді.

Акция аясында мектептерде ұлттық ойындарға арналған арнайы алаңдар ұйымдастырылып, іс-шаралар спорттық-ойын фестивалі форматында өтеді. Оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі сияқты ұлттық ойындарға қатысып, жас ерекшеліктеріне бейімделген ойындар мен тақырыптық эстафеталарда бақ сынайды.

Көктем мерекесін атап өту шаралары 12-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтуде. Білім беру ұйымдарында тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар, ұлттық ойындар мен мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки