Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

26.03.2026 | 11

Астанада Келешек мектептері директорларының ауқымды стратегиялық конференциясы өтуде

Астанада Келешек мектептері директорларының ауқымды стратегиялық конференциясы өтуде

Астанада білім жүйесінің жаңа кезеңін айқындайтын ауқымды әрі мазмұнды басқосу - «Келешек мектептерінің тұжырымдамасы: ортақ мақсат, ұжымдық даму» тақырыбындағы стратегиялық конференция өтуде. 3 күнде бұл маңызды платформа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мектеп директорларын бір мақсатқа - сапалы білім мен тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға жұмылдырады.

Конференцияның ашылуында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова алғашқы дәрісті өткізіп, мектептердің стратегиялық дамуының 10 негізгі бағытын айқындады. Бұл бағыттар білім беру ұйымдарының алдағы 3 жылдағы трансформациясының нақты бағдаршамы іспеттес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы - ел тарихындағы ең ауқымды әрі нәтижелі білім беру реформаларының бірі. 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асқан жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынды. Бүгінде олардың 183-інде оқу процесі жолға қойылып, 218 мыңға жуық оқушы білім алып, 17 мыңға тарта педагог еңбек етуде.

Жобаның басты ерекшелігі - оның әлеуметтік әділеттілікті жүзеге асыруында. Атап айтқанда, 84 мектеп ауылдық жерлерде бой көтеріп, қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартуға нақты қадам жасалды. Халықаралық стандарттарға сай салынған бұл білім ордалары алдағы уақытта еліміздегі 8 мың мектептің дамуына серпін беретін тірек нүктелерге айналмақ.

Министр өз сөзінде: «Мемлекет басшысының негізгі білім жүйсіндегі іргелі реформаларының бірегейі - Келешек мектептері - бұл жаңа басқару философиясы және жаңа білім мәдениеті», - деді.

Конференцияның негізгі мақсаты - мектеп директорлары арасында ортақ даму тұжырымдамасын қалыптастыру, басқару тәжірибелерімен алмасу және стратегиялық өзгерістерді жүзеге асыру қабілеттерін күшейту. Бұл - тек білім беру мазмұнын жаңартумен бірге көшбасшылық және командалық жұмыстың жаңа деңгейіне көтерілу. Іс-шара аясында еліміздің жетекші білім беру ұйымдарының басшылары - Зияткерлік мектептері, Білім-Инновация лицейлері, Республикалық физика-математика мектебі, Binom School тәжірибелерімен бөлісуде.

Сонымен қатар, EdTech саласындағы инновациялық шешімдер көрмесі, білім мен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтатын B2B кездесулер, пленарлық және секциялық отырыстар ұйымдастырылуда. Практикалық шеберлік сабақтары арқылы мектеп директорлары STEM-білім беруді енгізу, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, педагогтердің креативті әлеуетін дамыту және олимпиадалық қозғалысты ілгерілету бағытында кәсіби біліктіліктерін арттыруда.

Бүгінде «Келешек мектептерін» басқарудың бірыңғай моделі қалыптасып, 900-ден астам педагогты біріктіретін басқару корпусы құрылды. Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жүзеге асырады. Білім беру процесінің сапасын арттыруға, цифрландыруды үйлестіруге және педагогтердің кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсетуде.
Бұл конференция - тек тәжірибе алмасу және Келешек мектептерінің алдағы дамуын бірге қалыптастыратын, ортақ жауапкершілік және үлкен сенімге негізделген маңызды қадам.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки