Білім жаңалықтары
27.03.2026 | 39
Астанада ауыл мұғалімдеріне арналған республикалық әдістемелік интенсив өтуде

Астанада ауыл мұғалімдеріне арналған республикалық әдістемелік интенсив өтуде
Астана қаласында «Ауыл мектебіндегі STEM: идеядан тұрақты тәжірибеге» атты республикалық әдістемелік интенсив өтуде. Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен мыңға жуық ауыл мұғалімі қатысуда. Оның ішінде 200-ге жуық педагог республикалық интенсивке офлайн форматта қатысса, 800-ден астам ауыл мұғалімі онлайн режимде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен білім саласында жүзеге асып жатқан жүйелі реформаларға тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты қолдауы және іргелі реформаларының нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелеуге бағытталған «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Оның аясында алғаш рет осы саладағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бірыңғай стратегиялық негізге біріктірілді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр өз баяндамасында 2025 жылды орта білім саласы үшін «тарихи жыл» деп бағалап, оқушылардың халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды. Мәселен, 1 720 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда бақ сынап, ел қоржынына 1 006 медаль салды. Мемлекет басшысының бастамасымен олимпиада жүлдегерлері мен олардың тәлімгерлеріне 100 миллион теңгеден астам қаражат төленді. Келер жылдан бастап мұндай ынталандыру шаралары пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқау жеңімпаздарына да берілетін болады.
Жұлдыз Сүлейменова ауыл мұғалімдері алдындағы баяндамасында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде халықаралық стандартқа сай 217 «Темірқазық» мектебі бой көтерді. Бұл инновациялық білім ордалары заманауи STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған.
«Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою-мемлекет үшін стратегиялық басымдық. Реновациядан өтетін 1 300 мектептің 820-сы және жаңадан салынған «Келешек мектептерінің» 84-і дәл осы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл қадамдар білім теңсіздігін жоюға бағытталған. Соңғы төрт жылда елімізде 1,1 млн оқушыға арналған 1 242 жаңа мектеп салынып, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, ал апаттық жағдайдағы мектептер 2,5 есеге қысқарды. Бұл - мемлекеттің адам капиталын дамытуға қаншалықты мән беріп отырғандығының нақты көрінісі», - деді сала министрі.
Ұстаздар мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстардың нәтижесіне халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындысы дәлел. Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына еніп, бұл көрсеткіш 2018 жылғы 39%-дан 71%-ға дейін өсті. Ұстаздардың апталық жүктемесі мен әкімшілік жүктемелерінің азаюы педагогтердің 95%-ының өз жұмысына көңілі толуына септігін тигізді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мектеп мұғалімдерінің еңбекақысы екі есеге артып, ұстаздардың қоғамдағы беделі нығая түсті.
Тәрбие жұмысының негізі ретінде барлық білім ордаларында «Адал азамат» біртұтас бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама жас ұрпақтың бойында отаншылдық, әділдік және еңбекқорлық құндылықтарын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда «Ақша баламен бірге жүреді» ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, кезекте тұрғандар саны екі есе азайды. Қосымша білім беру саласында да 2025 жылдан бастап бірқатар өңірде «бір ваучер - бір бала» қағидаты бойынша пилоттық жобалар қолға алынады.
Цифрландыру және жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу - алдағы кезеңнің басты міндеті. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Министрлік осы бағытта «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен «QazTech» платформасын іске қосуда. Өткен жылы 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллект бойынша біліктілік курстарынан өтсе, келер жылы «ChatGPT Edu» жобасы аясында педагогтердің рутиналық жұмысын жеңілдететін цифрлық ассистенттерді енгізу жоспарлануда.
Астанада өтіп жатқан интенсив бағдарламасы аясында ауыл педагогтері қазіргі заманғы педагогикалық және фасилитациялық сессияларға қатысып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану, жобалық басқару және командалық жұмысты үйлестіру, оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін ұштау бағыттарында өзара тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар, республикалық интенсив барысында мұғалімдер өз іс-тәжірибелеріндегі үздік STEM-кейстерді таныстырды.
-
-
27.03.2026 | 32
Қазақстандық оқушы Harvard University-ге оқуға түсті
-
25.03.2026 | 101
Жамбылда 105 педагог конкурссыз жұмысқа қабылданды

