Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

31.03.2026 | 13

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстары басталды

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстары басталды

Қазақстанда педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету және құзыреттерін жүйелі арттыру мақсатында біліктілікті арттыру курстары басталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұстаздардың нақты сұранысы мен қажеттіліктеріне сәйкес 38 заманауи білім беру бағдарламасын әзірледі.

Аталған оқу бағдарламалары негізінде біліктілікті арттыру курстары еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Оқыту мазмұны мектепке дейінгі және орта білім беру деңгейлеріндегі барлық пәндік бағыттарды қамтиды. Бағдарламалар педагогикалық тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастыруға негізделіп, оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын кіріктіруді көздейді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру мен басқарушылық құзыреттерді дамытуға басымдық берілген.

Көшбасшылық бағытындағы курстар білім беру ұйымдарын басқаруда стратегиялық ойлау мен жүйелі тәсілді қалыптастыруға бағытталса, инклюзивті білім беру модульдері оқу бағдарламаларын бейімдеу, білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескеру бойынша нақты практикалық шешімдерді қамтиды.

Аталған бағдарламалар педагогтердің кәсіби дамуын жүйелі қолдауға, білім беру сапасын арттыруға және білім беру жүйесінің мазмұндық жаңаруын қамтамасыз етуге бағытталған. «Өрлеу» ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстары осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки