17.04.2026 | 16
Білім жаңалықтары
17.04.2026 | 15
Қазақстанды көруді армандаған жас зерттеуші - Алинда Ташатар

Қазақстанды көруді армандаған жас зерттеуші - Алинда Ташатар
Халықаралық ғылыми жарыстар жас зерттеушілерге тек білім бәсекесін емес, жаңа мәдени орта мен тәжірибені тануға да жол ашып отыр. Солардың бірі - Түркиядан келген 12-сынып оқушысы Алинда Ташатар. Ол халықаралық байқауға қатысып, Қазақстан туралы жылы әсерімен бөлісті.
Ғылыми жобасын үлкен жауапкершілікпен әрі мұқият әзірлеген жас қатысушы үшін бұл сапар тек жарыс емес, көптен күткен арманның орындалуы болды. Алинда байқаудың өзіне айрықша әсер қалдырып, мол тәжірибе сыйлағанын атап өтті.
«Бүгінгі күн мен үшін өте әсерлі болды. Презентациямды қорғаудың алдында қатты қобалжыдым, бірақ біртіндеп ортаға бейімделіп, өзімді сенімді сезіне бастадым. Байқау өтетін орта ерекше әсер қалдырды. Қазақстанда адамдардың ықыласы мен жылы қарым-қатынасы бірден байқалады», - дейді Түркиядан келген қатысушы.
Жас зерттеуші өз жобасын бес айға жуық мерзімде дайындаған. Ол осы мүмкіндікке міндетті түрде қатысуды мақсат еткенін де айтады.
«Жобамды желтоқсан айында бастаған едім. Байқау туралы естіген бойда-ақ бұл мүмкіндікке міндетті түрде қатысу керек деп шештім. Бұл сапар мен үшін өте мазмұнды әрі шабыт беретін тәжірибе болды. Мұндағы адамдардың жылы қабылдауы ерекше әсер қалдырды. Бала кезімнен Қазақстанды көргім келетін, сол арманымның орындалғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта қайта келіп, көбірек уақыт өткізгім келеді. Қонақжай қабылдауларыңыз үшін алғысым шексіз», - деді Алинда Ташатар.

