Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

21.04.2026 | 19

Келешек мектептерінің футзалдан “Үздік жаттықтырушысы” Астана құрамасын жаттықтырады

Келешек мектептерінің футзалдан “Үздік жаттықтырушысы” Астана құрамасын жаттықтырады

Елордалық оқушылар Келешек мектептері арасында футзалдан өткен республикалық турнирде 20 команданың ішінде топ жарып, чемпион атанды. Астана құрамасы жарыс барысында сенімді ойын өрнегін көрсетті. Іріктеу кезеңінде Астана командасы Ұлытау, Павлодар және Шымкент командаларын ұтып, плей-оффқа жолдама алды. Ширек финалда Қарағанды облысын 4:2 есебімен жеңсе, жартылай финалда Батыс Қазақстан құрамасын 9:1 есебімен ойсырата жеңді. Финалда Қызылорда командасын 6:2 есебімен тізе бүктіріп, турнир жеңімпазы атанды.

Сайыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы базасында ұйымдастырылып, еліміздің 20 өңірінен келген жасөспірім спортшылардың басын қосты. Турнир мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жас таланттарды анықтауға бағытталды.

Елорда намысын №117 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қорғады. Команда капитаны Тілеміс Ерсін бастаған жас футзалшылар қатарында Пернебай Нұрасыл, Каир Диас, Тұрбек Нұрасыл, Данабек Алинұр, Джамалиев Мадияр, Еркен Ислам, Толпаков Алан, Мырзабек Сағади, Талғат Нұрасыл, Давлет Әшім және Райхан Жангер бар.

№117 мектеп өз жұмысын 2025 жылдың қыркүйек айында бастағанына қарамастан, қысқа мерзімде спорттық бағытта жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мектептегі футбол үйірмесіне қатысатын оқушылар жүйелі түрде жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындар иеленуде.

Команданы жаттықтырып отырған бас бапкер Мұратов Нұрымхан Ғабиденұлы - жас маман болғанымен, нәтижелі жұмысымен көзге түсіп келеді. Ол бұған дейін 4 жыл колледжде қызмет атқарып, педагогикалық тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, Астана қаласы бойынша мұғалімдер арасында өткен футзал жарыстарында екі мәрте қола жүлдегер атанған. 2023 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан Республикасының мұғалімдер арасындағы чемпионатта елорда құрамасы сапында өнер көрсеткен.

Осы оқу жылынан бастап бапкерлік қызметін бастаған маман қазіргі таңда 5-11 сынып оқушыларын жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда Астана қаласы Нұра ауданында өткен «Астана - есірткісіз қала» турнирінде 5-6 сыныптар арасында 3-орын, 7-8 сыныптар арасында 2-орын иеленген. Сондай-ақ, «Келешек мектептері» арасындағы қалалық жарыста 1-орын алып, республикалық кезеңге жолдама алған. Республикалық турнир қорытындысы бойынша Мұратов Нұрымхан Ғабиденұлы «Үздік жаттықтырушы» аталымымен марапатталды.

Келешек мектептері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынды. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде халықаралық стандарттарға сай 217 заманауи мектеп ашылды, оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. «Келешек мектептері» - жаратылыстану-математикалық және ғылыми бағыттар тереңдетіліп оқытылатын мектептер болуымен қатар, жан-жақты дамыған тұлға қалыптасатын, спортқа жас кезден ерекше көңіл бөлінетін орта.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки