Білім жаңалықтары
08.06.2026 | 25
Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Қытайда өткен Дүниежүзілік цифрлық білім беру конференциясына қатысты

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Қытайда өткен Дүниежүзілік цифрлық білім беру конференциясына қатысты
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Чжэцзян провинциясының Ханчжоу қаласында өткен Дүниежүзілік цифрлық білім беру конференциясы – 2026 (World Digital Education Conference) іс-шарасына қатысты.
Конференцияны ҚХР Білім министрлігі мен Чжэцзян провинциясының халық үкіметі ұйымдастырды. Іс-шара білім беруді цифрлық трансформациялау мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, білім беру саласы мен сарапшылық қауымдастық өкілдерінің басын қосты.
Конференция барысында қазақстандық делегация ашылу рәсіміне, пленарлық отырысқа және цифрлық білім беру ортасын дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге, білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және цифрлық экономикаға қажетті кадрларды даярлауға арналған панельдік сессияларға қатысты.
Педагогтер мен білім алушылардың цифрлық дағдыларын дамыту, білім беру үдерісін дараландыру, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беруде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция қорытындысы бойынша Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллект пен білім беру саласындағы Ханчжоу бастамасын қабылдау рәсіміне қатысты. Құжат білім беру саласында жасанды интеллект технологияларын жауапты, адамға бағдарланған және инклюзивті түрде қолдануға бағытталған халықаралық ұстанымдарды қамтиды.
Конференцияға қатысу білім беруді цифрландыру бағытындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеуге және Қазақстанның білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамытудың келешекті бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
-
-
04.06.2026 | 110
Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!

