09.02.2026 | 64
Білім жаңалықтары
09.02.2026 | 63
Қызылшаның алдын алу қажеттілігі туралы ақпарат
![]()
Құрметті ата-аналар! Сіздермен қызылшаның алдын алу қажеттілігі туралы ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік
Құрметті ата-аналар!
Сіздермен қызылшаның алдын алу қажеттілігі туралы ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік.
ҚЫЗЫЛША/КОРЬ
Қызылша — жедел респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) ұқсас белгілермен өтетін вирустық ауру. Ауру кезінде дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, сондай-ақ 4–5-күндері бөртпенің пайда болуы байқалады. Қызылша өте жұқпалы ауру болып табылады және ауа-тамшылы жолмен беріледі. Инфекция көзі — науқас адам. Қызылшамен ауырған адаммен тіпті қысқа уақыт байланыста болған, қорғанысы жоқ адамдардың барлығы дерлік жұқтыруы мүмкін.
Қызылшамен ауырған адам бөртпе шыққанға дейін 4 күн бұрын және бөртпе шыққаннан кейін 4 күн бойы айналасындағылар үшін қауіпті болып саналады. Ауру жұққаннан кейін 7–18 күн аралығында дамиды.
Қызылша ми қабықтарының қабынуы (энцефалит), өкпенің қабынуы (пневмония), құлақтың қабынуы (отит) сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, сондай-ақ ауру өліммен аяқталу қаупін тудырады.
Қызылшаға қарсы арнайы емдеу әдісі жоқ. Қызылшаның алдын алудың жалғыз сенімді жолы — уақтылы вакцинациялау.
Осыған байланысты ата-аналарға балалардың егу мәртебесін тексеріп, Профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес 1 жас және 6 жастағы балаларға вакцинацияны уақтылы жүргізуді қатаң түрде ұсынамыз. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап елімізде 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі жастағы ең осал топтағы балаларға қосымша иммундау жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз.
Вакцинация туралы толық ақпаратты:
Денсаулық — әр адамның жауапкершілігі. Вакцинация тек сізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды да қорғайды.
КӨКЖӨТЕЛ/КОКЛЮШ
Құрметті ата-аналар, көкжөтел туралы не білу қажет?
Көкжөтел – тыныс алу жолдарының өте жұқпалы инфекциялық ауруы. Бұл ауруға тән белгі – тыныстың уақытша тоқтауымен қатар жүретін тырыспалы жөтел ұстамалары.
Көкжөтелдің белгілері бастапқыда суық тиюге ұқсас болуы мүмкін: дене қызуының сәл көтерілуі, жөтелден кейін құсу, апноэ (тыныстың тоқтауы), тыныстың кідіріп қалу ұстамалары, жалпы әлсіздік, мұрыннан су ағу.
Көкжөтел асқынуларымен қауіпті, оның ішінде өкпенің қабынуы (пневмония), ми зақымдануы болуы мүмкін. Көкжөтелді емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Көкжөтелден қорғанудың жалғыз сенімді әрі тиімді жолы – вакцинация.
Көкжөтелге қарсы егу балаларға 2 айлық жастан бастап үш рет жүргізіледі (2, 3 және 4 айында). Қайта егу (ревакцинация) 1,5 жасында және 6 жасында жасалады.
Көкжөтелдің алдын алу мақсатында мыналар ұсынылады: ауру тіркелген кезеңде адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу; көкжөтелге тән белгілері бар науқас адамдармен қарым-қатынастан аулақ болу; бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалауды тұрақты түрде жүргізу.
Вакцинация – аурудан қорғанудың жалғыз тиімді жолы. Балаларыңызды уақытылы егуді ұмытпаңыз!
ВАКЦИНАЦИЯ
Вакцинация - халықтың эпидемиологиялық әл-ауқатының негізі
Қазақстанда және бүкіл әлемде вакцинация инфекциялармен күресте ең тиімді, үнемді және қолжетімді құрал ретінде танылған.
Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат жұқпалы аурулардың алдын алуға, оқшаулауға және жоюға бағытталған.
Еліміздің ұлттық профилактикалық екпелерінің күнтізбесі ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келеді, дамыған елдердің көпшілігін (Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония және т.б.) иммундау кестелеріне ұқсас.
Жыл сайын Қазақстанда инфекциялық ауруларға қарсы 5 млн. жуық адам, оның ішінде 1,3 млн. бала егіледі.
Республикада вакцинация ауыр асқынуларға, өлім-жітімге әкелетін, әсіресе балаларға әсер ететін: көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, паротит, құтырма, іш сүзегі, дифтерия және т.б. ауруларға қарсы тіркелген жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.
Вакцинация – түрлі аурулардан қорғанудың жалғыз тиімді әдісі, балаларымызға уақытылы екпе салдырайық!
ДИФТЕРИЯ
Құрметті ата-аналар!
Сіздерді дифтерия ауруы туралы хабардар етеміз.
Дифтерия — науқас немесе бактерия тасымалдаушысы жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға таралатын бактериялар арқылы жұғатын жұқпалы ауру. Дифтерия таяқшасы жұтқыншақтың, мұрынның және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабатына түскеннен кейін көбейіп, бір мезгілде ерекше у — дифтериялық токсин бөледі. Бұл у жүрекке, қан тамырларына және орталық жүйке жүйесіне зақым келтіреді.
Дифтерия өте ауыр өтеді, бұл кезде ағзаның дерлік барлық мүшелері мен жүйелері зақымдалады.
Ауру жалпы әлсіздік пен дене қызуының көтерілуінен басталады, сонымен қатар жұтыну кезінде ауырсыну пайда болады.
Дифтерия жүрек бұлшықетінің, тыныс алу бұлшықеттері мен көкеттің салдануы, жұмсақ таңдайдың, бет, мойын, тұлға және аяқ-қол бұлшықеттерінің салдануы сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұл инфекция кезінде өлім-жітім жоғары — науқастардың 10–20%-ы қайтыс болады.
Көкжөтелден қорғанудың жалғыз сенімді әрі тиімді жолы — вакцинация болып табылады. Дифтерияға қарсы егу балаларға 2 айлық жастан бастап үш рет жүргізіледі (2, 3 және 4 айында). Бұл кезде бір мезгілде дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы вакцина егіледі. Сонымен қатар 1,5 жаста және 6 жаста ревакцинация жүргізіледі.
Аурудың алдын алу немесе оның жеңіл өтуіне мүмкіндік беру үшін вакцина салдыру — инфекцияның ауыр түріне шалдығу қаупіне ұшырағаннан әлдеқайда оңай.
АПВ-ға ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ/ВАКЦИНАЦИЯ ПРОТИВ ВПЧ
Құрметті ата-аналар!
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1600 жаңа жағдайы тіркеледі, осы аурудан 500-ден астам әйел көз жұмады, яғни әр үш күн сайын жатыр мойны обырынан екі әйел қайтыс болады. Жатыр мойны обыры 15–44 жас аралығындағы әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың ішінде 5-орын алады.
Ұлттық егу күнтізбесі аясында Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылатын адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыз балаларды вакцинациялау белсенді түрде жалғастырылуда.
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап республикада АПВ-ға қарсы жоспарлы вакцинация 11 жастағы қыз балаларға, сондай-ақ 12–13 жастағы қыз балаларға арналған толықтырушы (қуып жету) вакцинация жүргізілуде.
Қолданылатын «Гардасил» вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) сертификатталған, қауіпсіз және тиімді. Вакцинация алты ай аралықпен енгізілетін екі дозадан тұрады және тек медициналық тексеруден кейін әрі ата-аналардың келісімімен жүргізіледі. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейін қолайсыз әсерлер тіркелген жоқ.
АПВ-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырының алдын алудың және болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
ВАКЦИНАЦИЯ
Құрметті ата-аналар!
Сіздерді балаларды жоспарлы вакцинациядан бас тартпауға шақырамыз.
Вакцинацияның арқасында соңғы онжылдықтарда қауіпті жұқпалы аурулардың таралуы едәуір төмендеп, миллиондаған адамның өмірі сақталды. Алайда соңғы жылдары бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстан Республикасында да профилактикалық егулерден бас тарту жағдайларының өсуі алаңдатарлық үрдіске айналып отыр.
Тек 2025 жылдың өзінде вакцинациядан бас тартудың 25 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Себептерді талдау көрсеткендей, олардың негізгісі — жеке көзқарастар (62%), діни сенімдер (16%), вакциналарға деген сенімсіздік (15%), сондай-ақ интернет желісіндегі жағымсыз әрі жалған ақпараттың ықпалы (8%). Бұл ретте бас тартулардың ең көп үлесі екі жасқа дейінгі балаларға тиесілі — 58%, яғни бала жұқпалы ауруларға ең осал кезеңде.
Діни сенімдерге байланысты бас тартулар жалпы құрылымда екінші орын алады. Алайда, ерекше атап өткен жөн: вакцинация ислам, христиан, иудаизм және басқа да әлемдік діндердің қағидаттарына қайшы келмейді. Керісінше, адам денсаулығын сақтау мен өмірін қорғау — барлық діни дәстүрлерге ортақ құндылықтар.
Вакцинациядан бас тарту баланың денсаулығына ғана емес, жалпы қоғамға да нақты қауіп төндіреді, қауіпті жұқпалы аурулардың қайта таралуы мен олардың ауыр салдарының пайда болу қаупін арттырады.
Вакцинацияға жауапкершілікпен қарау — бұл сіздің балаңыздың денсаулығына және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне қосқан үлесіңіз.
-
-
02.02.2026 | 224
Құрметті достар!

