Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

10.04.2025 | 97

Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді

Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы облыс әкімдері орынбасарлары, білім басқармалары басшылары, орталық мемлекеттік органдардың және құрылыс операторы «Samruk Kazyna Construction» АҚ-ның өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте қаралды.

Кеңесте заманауи және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған ауқымды ұлттық жобаның іске асырылу барысы қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылға дейін елімізде 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда 254 мың оқушыға арналған 105 мектептің құрылысы аяқталды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 жайлы мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр. Жоба аясында білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға және оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше басымдық берілген.

Сондай-ақ жиналыстың күн тәртібінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан қолданыстағы мектептерді реновациялау мәселесі қаралды. Бүгінде еліміз бойынша жаңғыртуды қажет ететін 1231 мектеп анықталған: олардың 441-і қалаларда, 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан.

Реновация бағдарламасы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, пән кабинеттері мен заманауи оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету, талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу, кітапханалар, асханалар мен спорт залдарын жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерін орнату және мектеп аумақтарын абаттандыру шараларын қамтиды.

Кеңес соңында министр жайлы мектептер ең жоғары қауіпсіздік және сапа талаптарына сай болуы тиіс екенін атап өтті. Ол құрылыс, лицензиялау және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету процестеріне бақылауды күшейтуді, сондай-ақ мектептерді реновациялау барысын ерекше қадағалауға алуды тапсырды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки