Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

17.04.2025 | 92

Ғани Бейсембаев: Колледждерге оқу-өндірістік базасында шығарған өз өнімдерін өткізу мүмкіндігі беріледі

Ғани Бейсембаев: Колледждерге оқу-өндірістік базасында шығарған өз өнімдерін өткізу мүмкіндігі беріледі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар білім беру нысандарын аралады. Ол техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына ерекше көңіл бөлді.

Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі — өңірдегі шежірелі оқу орындарының бірі. Бұл оқу орнында болашақ қолөнершілер, қыш шеберлері, зергерлер, IT мамандары даярлануда және «Жас маман» жобасы аясында «IT», «Қолөнер» мамандықтары бойынша республикалық деңгейдегі құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Колледжде студенттер 11 мамандық, 13 біліктілік бойынша білім алады.

Министр ұжыммен кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа форматта дамытуға қатысты негізгі міндеттерді атап өтті.

«Биылдан бастап колледждерге жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге артады. Бұл — оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, сондай-ақ педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге жол ашады. Сонымен қатар колледждердің оқу-өндірістік базасында өндірілген өнімдерді нарыққа шығарып, табыс табу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Түскен қаржы оқу орнының дамуына бағытталады. Колледждер заман талабына сай икемделіп, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, білікті мамандармен қамтылған, сұранысқа сай сапалы кадр даярлайтын орталыққа айналуы керек. Колледждерге инвестиция тартуда серіктестермен ынтымақтастықты арттыру маңызды», — деді министр.



Министр сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №33 мектепте болды. Өңірде 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның ішінде 13 мектеп пайдалануға берілген. Министр педагогикалық құрам мен оқу процесін ұйымдастыру сапасын күшейтуді тапсырды.

Қазіргі уақытта өңір халқына білім беру жүйесінде 50 колледж, 1100-ден астам мектеп пен 1426 балабақша қызмет көрсетеді. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, агрохимия, лифт шаруашылығы, ұшу аппараттарының операторы, жылыжай шаруашылығы секілді жаңа 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынған.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки