Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

28.03.2023 | 1733

ЕЛІМІЗДЕГІ ТӨРТІНШІ ЖӘНЕ СЕГІЗІНШІ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ TIMSS-2023 ЗЕРТТЕУІНЕ ҚАТЫСАДЫ

ЕЛІМІЗДЕГІ ТӨРТІНШІ ЖӘНЕ СЕГІЗІНШІ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ TIMSS-2023 ЗЕРТТЕУІНЕ ҚАТЫСАДЫ

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ақпараты бойынша, биыл сәуір айынан бастап TIMSS-2023 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі басталады. Оған Республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 өңірдегі 195 мектептен 12 мыңнан астам оқушы қатысады.

«Зерттеудің мақсаты-бастауыш және негізгі мектеп оқушыларының жаратылыстану және математикалық дайындығының сапасын бағалау. Зерттеуге төртінші және сегізінші сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі, математика және жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері, төртінші сынып оқушыларының ата-аналары қатысады. Оқушылар тестілеуден және сауалнамадан өтеді. Ата-аналар, әкімшілік және мұғалімдер арасында сауалнама жүргізіледі. TIMSS зерттеуі 2023 жылдан бастап компьютерлік форматта өткізіледі»,–дейді Комитет төрағасы Ернұр Дауенов.

TIMSS зерттеуі мектептегі сабақтастықты бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, TIMSS-2023 –ке қатысатын сегізінші сынып оқушылары TIMSS-2019-да төртінші сыныпта оқыды. Педагогикалық қоғамдастық бастауыш және негізгі мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін оқытудың жаңа әдістемелерін пайдалана алады.

TIMSS зерттеуі оқушылардың білім деңгейіне әсер ететін факторларды анықтауға көмектеседі. Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанның бұған дейінгі циклдерге қатысу қорытындыларын ескеріп, ұлттық есеп жариялайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, TIMSS зерттеуін халықаралық білім жетістіктерін бағалау қауымдастығы (IEA) 1995 жылдан бастап төрт жылдық циклмен өткізеді. Әлемнің 60-тан аса елі қатысады. Қазақстан 2007 жылдан бері тұрақты қатысушылар қатарында.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки