Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

27.03.2024 | 216

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ЕЛІМІЗДІҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҰСТАЗДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ЕЛІМІЗДІҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҰСТАЗДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің құрметті педагогтері, «Қазақстанның Еңбек ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарының иегерлерімен кездесті. Олардың қатарында Аягүл Миразова, Алина Соловьева, Алма Шукыжанова сияқты еліміздегі білім беру жүйесінің қалыптасу жолында еңбегі сіңген есімдері елеулі тұлғалар да бар.

Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Төреқызының айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен жүйені жетілдіру үшін оны үздіксіз дамыту қажет. Ұстаз әр мұғалімнің басты міндеті - баланың рухани-адамгершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету деп санайды.

«Біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік - еліміздің болашағы тұр. Сондықтан, жас ұстаздар академиялық білімді дамытып қана қоймай, балаларды адами қасиеттер мен моральдық принциптерге сәйкес тәрбиелеуі қажет деп санаймын. Президент ұлттық құрылтайда басымдық берген құндылықтар – барлық педагогикалық және ата-аналар қауымдастығы үшін темірқазыққа айналуы тиіс», - деп атап өтті Аягүл Миразова.

Өз кезегінде министр ұстаздарға ерен еңбегі мен балаларға деген сүйіспеншілігі және жанашырлығы үшін алғыс білдірді. Олардың үздік тәжірибелері мен парасат-пайымдары өңірлерде таратылуы керектігін айтты.

«Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім болу – мансап емес, жоғарыдан берілген сый» деп айтқан. Мұғалімнің еңбегі көпқырлы әрі жан-жақты, оңай емес. Ал қазіргі педагог – ол барлық әріптестері үшін көшбасшы және үлгі болуы тиіс. «Қазақстанның Еңбек ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған мұғалімдер мектепті басқару мәселелеріне, тәрбие ісіне салалық кәсіби сарапшы ретінде қатысуы қажет», – деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі соңғы жылдардағы білім берудегі оң өзгерістерге тоқталды. Бұл жалақы көлемін ұлғайту, жүктемені азайту, кәсіби біліктілікті арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және т. б. Атап өтсек, бүгінгі таңда еліміздің 2906 мектебінде балалар бір ауысымда білім алуда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы елімізде алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын бекітті. 2021 жылдан бері 46 педагог осы марапаттың иегері, ал үш педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағын иеленді.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки