Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

30.03.2024 | 250

ӘДІСТЕМЕЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚАЗІРГІ СЫН-ҚАТЕРЛЕРІ МЕН ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ: ЕЛОРДАДА ЕЛІМІЗДІҢ 300-ДЕН АСТАМ ӘДІСКЕРІ ОҚУДАН ӨТТІ

ӘДІСТЕМЕЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚАЗІРГІ СЫН-ҚАТЕРЛЕРІ МЕН ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ: ЕЛОРДАДА ЕЛІМІЗДІҢ 300-ДЕН АСТАМ ӘДІСКЕРІ ОҚУДАН ӨТТІ

Астанада еліміздің барлық өңірлеріндегі әдістемелік орталықтардың 300-ден астам басшыларына арналған «Әдістемелік қызметтің қазіргі заманғы сын-қатерлері мен даму тенденциялары» атты оқыту семинары өтті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына сілтеме жасап.

Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев бүгінгі таңда әдістемелік орталықтар білім беру саласындағы уәкілетті орган мен педагогикалық қоғамдастық арасындағы көпірге айналғанын атап өтті.

«Білім беру жүйесіндегі 22 мың білім беру ұйымында 550 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Әдістемелік орталықтардың жұмысының дұрыс әрі үйлесімді жүргізілуі білім беру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Бірақ мұғалімдерге нәтижелі көмек пен қолдау көрсету үшін әдіскер өз құзыретін үнемі арттырып отыруы қажет», - деп атап өтті Қаныбек Жұмашев.

Іс-шара аясында көрме ұйымдастырылды. Онда білім беру саласындағы жаңа технологиялар, оның ішінде сабақ беруді ұйымдастыруда цифрлық және AI-шешімдер ұсынылды.

«Қазіргі заманғы өзгерістер жаңа шешімдерді талап етеді. Біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму тенденцияларына байланысты талаптардың жыл сайын қалай өзгеретінін көріп отырмыз. Әдістемелік орталықтар өкілдерінің қызметі осы өзгерістерге сәйкес өзектендірілуі тиіс. Өйткені заңнамадағы өзгерістер мұғалімдерге қаншалықты анық әрі нақты жеткізілетіні сіздерге байланысты. Бүгін шағын топтарда семинарға қатысушылар білім беру процесіндегі негізгі тәсілдермен егжей-тегжейлі танысты. Бұл бенчмаркинг, кері дизайн, құндылыққа бағытталған, инклюзивті, коммуникативті тәсілдер және т. б. Сондай-ақ фасилитарлық семинарлардың қорытындысы бойынша әдіскерлер өз жобаларын таныстырды», - деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева.

Елімізде барлығы 220 әдістемелік кабинет (орталық) жұмыс істейді. Онда 2934 әдіскер еңбек етеді.

Анықтама үшін: Әдістемелік орталық (кабинет) – оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты жүзеге асыратын өңірлік білім басқармалары жанындағы қосалқы бөлімше.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки