Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

17.06.2024 | 249

Павлодар облысында «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинар өтті

Павлодар облысында «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинар өтті

Павлодар облысының Баянауыл ауданында «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинары өтті. Семинарға 200-ден астам әдіскер, мектеп кітапханашылары, ғылыми-педагогикалық кітапхананың қызметкерлері, сондай-ақ ақын-жазушылар мен облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Қарағанды облысынан келген әдіскерлер мен мектеп кітапханашылары өздерінің жұмыс жасау тәсілдерімен бөлісіп, қызықты квест-ойындар өткізді. Танымал туындылар, әңгімелер, ертегілер бойынша берілген тапсырмалар, буктрейлер әдісі әсіресе қызықты болды.

«Бүгінде әрбір адамның басты міндеті – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Біз кітап оқу дағдысын балаларымызға сіңіруіміз керек. Мұны балабақшадан бастау керек», - дейді Республикалық ғылыми-әдістемелік кітапхананың бас әдіскері Амангүл Ешімова.

Ал Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарының әдіскерлері «Аты аңызға айналған Жасыбай көлінің жағасында кітап оқу» секциясында өз жұмыс тәсілдерін ортаға салды.

«Ақбет тауының бөктеріндегі Торайғыр көлінің жағасында кітап оқу» секциясында БҚО, ШҚО, Жетісу, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар облыстарынан келген әдіскерлер мен кітапханашылар кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану әдістерін көрсетті.

Семинарды қорытындылау кезінде әр өңірден келген кітапханашылар дипломдармен марапатталды, ал қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки